РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫН БАҚЫЛАУ ЖӨНІНДЕГІ
ЕСЕП КОМИТЕТІ

Халықаралық қатынас - Есеп комитетінің халықаралық қызметі туралы жалпы ақпарат - ИНТОСАИ - Лимская декларация руководящих принципов контроля

Бақылаудың басшылыққа алатын принциптері туралы Лим декларациясы 

1977 жылы Лима (Перу Республикасы) қаласында
Қаржылық бақылаудың жоғары органдары халықаралық ұйымының (ИНТОСАИ) ІХ конгресінде қабылданған 

I. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР 

1-бап. Бақылаудың мақсаты
 

Бақылауды ұйымдастыру қоғамдық қаржы ресурстарын басқарудың міндетті элементі болып табылады, себебі, мұндай басқару қоғам алдында жауапкершілік жүктейді. Бақылау - тек мақсат қана емес, ол - реттеу жүйесінің ажырамас бөлігі. Бақылаудың мақсаты - қабылданған стандарттардан ауытқушылықтарды, материалдық ресурстарды жұмсаудың принциптерін, заңдылығын, тиімділігі мен үнемділігін бұзуға байланысты кемшіліктерді түзету үшін, ал кейбір жағдайда кінәлілерді жауапқа тарту үшін, келтірілген залалға өтемақы алу үшін немесе болашақта осындай бұзушылықтардың алдын алып, жолын кесу үшін оларды бас кезінде анықтау. 

2-бап. Алдын ала бақылау және факті бойынша бақылау 

1. Алдын ала бақылау - орын алған бұзушылықтар жөнінде ақпарат алғанға дейін әкімшілік және қаржы құжаттарына жүргізілетін тексеру. Факті бойынша бақылау - орын алған бұзушылық жөнінде ақпарат алғаннан кейін жүргізілетін тексеру. 

2. Тиімді алдын ала бақылау сенім артылған қаржы және материалдық ресурстарды басқарудың сенімді жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Оны жоғары бақылау органы немесе басқа бақылау ұйымдары жүргізе алады. 

3. Жоғары бақылау органы жүргізетін алдын ала бақылаудың бір артықшылығы - ол ықтимал бұзушылықтар болғанға дейін олардың алдын алуға мүмкіндік береді. Алайда, жоғары бақылау органынының жұмысына шамадан тыс ауыртпалық салуы және заң алдында жауапкершілікке қатысты айқындықтың болмауы оның кемшілігі болып табылады. Жоғары бақылау органының факті бойынша жүргізген тексеруінің нәтижесінде кінәлілер жауапкершілікке тартылып, келтірілген зиянның орны толтырылады және болашақта бұзушылықтарға жол берілмейтін болады. 

4. Жоғары бақылау органының алдын ала тексеру жүргізетіні не жүргізбейтіні әр елдің заңнамасына, ондағы бақылау органына қойылатын шарттар мен талаптарға байланысты айқындалады. Ал, жоғары бақылау органы алдын ала тексерумен айналысса да, айналыспаса да, факті бойынша тексеру жүргізу оның тікелей міндеті болып табылады.

3-бап. Ішкі және сыртқы бақылау 

1. Ішкі бақылау қызметтері жекелеген ведомстволар мен ұйымдарда құрылады, ал сыртқы тексеру қызметтері тексерілетін ұйымдардың ұйымдық құрылымының бір бөлігі болып саналмайды. Жоғары бақылау органы сыртқы тексеру органы болып табылады. 

2. Ішкі бақылау қызметі міндетті түрде ұйымның (өзі соның ішінде құрылған ұйымның) басшысына бағынуы тиіс. Дегенмен, тиісті ұйымдық құрылымның ішінде мүмкіндігінше функционалдық және ұйымдық тұрғыдан одан тәуелсіз болуға тиіс. 

3. Жоғары бақылау органы сыртқы бақылау қызметі ретінде ішкі бақылау қызметінің тиімділігін тексеруі тиіс. Егер ішкі бақылау қызметі тиімді деп танылса, жоғары бақылау органы мен ішкі бақылау қызметінің міндеттерін бөліп, олардың арасындағы ынтымақтастықты қамтамасыз ету үшін, жоғары бақылау органының құқығын шектемейтіндей шаралар қолданып, жан-жақты қамтыған тексеру жүргізу қажет. 

4-бап. Үстірт (формалды) бақылау және орындауды бақылау 

1. Жоғары бақылау органының бұрыннан қалыптасқан міндеті қаражат бөлудің және бухгалтерлік есеп жүргізудің заңдылығы мен дұрыстығын тексеру болып табылады. 

2. Маңызды екені күмән тудырмайтын бақылаудың осы түрінен басқа, бақылаудың өзге де түрі бар. Аталған бақылау мемлекет қаражаты қаншалықты тиімді және үнемді жұмсалатынын тексеруге бағытталған. Мұндай бақылау басқарудың тек өзіндік ерекшеліктерін ғана емес, сонымен қоса бүкіл басқару қызметін де, оның ішінде ұйымдастырушылық және әкімшілік жүйелерін де қамтиды. 

3. Жоғары бақылау органының бақылау жұмысының мақсаты - қаржы және материалдық ресурстарды басқарудың заңдылығы, дұрыстығы, тиімділігі мен үнемділігі. Негізінен, олардың бәрі де маңызды. Жоғары бақылау органының қызметі олардың салыстырмалы маңыздылығын анықтау болып табылады. 

II. ТӘУЕЛСІЗДІК 

5-бап. Жоғары бақылау органдарының тәуелсіздігі
 

1. Жоғары бақылау органдары оларды тексеретін ұйымдардан тәуелсіз болғанда және бөгде ықпалдан қорғалған жағдайда ғана өздеріне жүктелген міндеттерді объективті әрі тиімді орындай алады. 

2. Дегенмен, мемлекеттік органдар мемлекеттің бір бөлігі болғандықтан мүлде тәуелсіз бола алмайды. Жоғары бақылау органы өзіне жүктелген міндеттерді орындау үшін функционалдық және ұйымдық тұрғыдан қажетінше тәуелсіз болуға тиіс. 

3. Жоғары бақылау органын құру және оның қажетті деңгейдегі тәуелсіздігі Конституцияда көзделген болуға тиіс, ал нақты жайттарын тиісті заңмен белгілеуге болады. Атап айтқанда, жоғары бақылау органының тәуелсіздігі мен бақылау өкілеттіктерін оған нұқсан келтіретін кез келген әрекеттен заңдық тұрғыдан қорғауға жоғарғы сот кепілдік беруі тиіс. 

6-бап. Жоғары бақылау органының мүшелері мен қызметкерлерінің тәуелсіздігі 

1. Жоғары бақылау органының тәуелсіздігі оның мүшелерінің тәуелсіздігімен тығыз байланысты. Жоғары бақылау органы үшін шешім қабылдайтын әрі, осы шешім үшін үшінші тараптың алдында жауапты адамдар мүшелер деп есептелінеді, яғни оларға басшылық жасайтын алқалы органдардың мүшелері немесе жеке-дара басқарылатын жоғары бақылау органдарының басшылары жатады. 

2. Сондай-ақ Конституцияда жоғары бақылау органы мүшелерінің тәуелсіздігіне кепілдік берілген болуға тиіс. Атап айтқанда, Конституциямен белгіленуі тиісті оларды кері шақырып алу рәсімі де олардың тәуелсіздігіне нұқсан келтірмеуі қажет. Жоғары бақылау органы мүшелерін қызметке тағайындау және қызметтен босату тәртібі осы елдің конституциялық құрылымына байланысты айқындалады. 

3. Жоғары бақылау органының тексерушілері қызметі бойынша жоғарылау мәселесіне қатысты өздері тексеретін ұйымдардың ықпалына түсе алмайды және осындай ұйымдарға тәуелді бола алмайды. 

7-бап. Жоғары бақылау органдарының қаржылық тәуелсіздігі 

1. Жоғары бақылау органы өзіне жүктелген міндеттерді орындау үшін қажетті қаржымен қамтамасыз етілген болуға тиіс. 

2. Жоғары бақылау органының ұлттық бюджет бойынша шешім қабылдайтын мемлекеттік органға қажетті қаржыны бөлу туралы өтінішпен тікелей жүгіне алатын құқығы болуға тиіс. 

3. Жоғары бақылау органы бюджеттен өзіне атап бөлінген ақша қаражатын өзінің құзыреті шегінде пайдалануға құқылы болуға тиіс. 

III. ПАРЛАМЕНТПЕН, ҮКІМЕТПЕН ЖӘНЕ ӘКІМШІЛІКПЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС 

8-бап. Парламентпен қарым-қатынас 

Конституциямен және заңмен кепілдік берілген жоғары бақылау органының тәуелсіздігі оған тіпті парламент атынан өкілдік еткен жағдайда да және соның нұсқауы бойынша тексеру жүргізген жағдайда да аса жоғары деңгейде бастама жасап, әрі дербес әрекет ете отырып жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Жоғары бақылау органы мен парламент арасындағы қарым-қатынас туралы ереже осы елдің шарттары мен талаптарына сәйкес ұлттық Конституцияда айқындалған болуға тиіс. 

9-бап. Үкіметпен және әкімшілікпен қарым-қатынас 

Жоғары бақылау органы үкіметтің, оның әкімшілік басшылығының және оған бағынысты кез келген органның қызметін тексереді. Алайда, бұл жайт үкімет жоғары бақылау органына бағынады дегенді білдірмейді. Атап айтқанда, үкімет өзінің әрекеттері мен қателері үшін барынша және толық жауап береді, сондай-ақ жоғары бақылау органының өткізген тексерулері мен сарапшыларының пікірлеріне, егер мұндай сараптамалық пікір заңдық тұрғыдан негізделген және орындауға болатын қорытынды ретінде ұсынылмаған жағдайда, оларға сілтеме жасай отырып өзін жауапкершіліктен босата алмайды. 

IV. ЖОҒАРЫ БАҚЫЛАУ ОРГАНЫНЫҢ ҚҰҚЫҒЫ 

10-бап. Тексеру құқығы 


1. Жоғары бақылау органының қаржылық және материалдық ресурстарды басқаруға қатысты барлық құжаттармен танысуға және өзі қажет деп тапса, тексеріліп отырған ұйымнан ауызша немесе жазбаша түрде кез келген ақпаратты сұратуға құқығы болуға тиіс. 

2. Жоғары бақылау органы жекелеген тексерулерді қай жерде, яғни тікелей тексерілетін ұйым орналасқан жерде әлде жоғары бақылау органының өзінде өткізудің орындылығына қатысты шешім қабылдауы тиіс. 

3. Қажетті ақпаратты немесе сұратылған құжаттарды және басқа да анықтамаларды, оның ішінде есеп-қисаптарды жоғары қаржы бақылау органына ұсынудың мерзімін жекелеген жағдайларда заңда ескеру қажет не болмаса жоғары қаржы бақылау органының өзі алдын ала ескеруі тиіс. 

11-бап. Жоғары бақылау органының қорытындыларын орындау 

1. Тексерілетін ұйымдар әдетте, жоғары бақылау органының қорытындыларына заңда көрсетілген немесе жоғары бақылау органының өзі белгілеген мерзімде түсінік беріп, тексерудің нәтижелері бойынша қабылдаған шаралары туралы атап өтуі тиіс. 

2. Егер жоғары бақылау органы қорытынды қабылдауға қажетті ақпаратты ала алмаған жағдайда, жоғары бақылау органының қажетті шараларды қолдану және кінәлілерді жауапкершілікке тарту туралы талаптармен құзыретті органдарға жүгіне алатын құқығы болуға тиіс. 

12-бап. Сараптамалық қорытынды және ынтымақтастықтың басқа да құқықтары 

1. Маңызды сәттерде жоғары бақылау органы парламент пен әкімшіліктің қарауына өзінің кәсіби білімі мен тәжірибесін, оның ішінде заңдардың және қаржы мәселелеріне қатысты басқа да қаулылардың жобалары бойынша өзінің ескертпелерін сараптамалық қорытынды түрінде ұсына алады. Әкімшілік басшылық осындай сараптамалық қорытындыны қабылдағаны немесе қабылдамағаны үшін толық жауапкершілікте болуға тиіс. Сонымен қоса, жоғары бақылау органының осы қосымша міндеті кейінгі қорытындыларды одан алуды көздемейді және тексерудің тиімділігіне ықпал ете алмайды. 

2. Екінші жағынан, қаржылық есептіліктің келісуге боларлық және мүмкіндігінше бір ізге келтірілген рәсімі туралы қаулылар тек жоғары бақылау органынымен келісе отырып қабылдануы тиіс. 

V. БАҚЫЛАУ ӘДІСТЕРІ, БАҚЫЛАУШЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ 

13-бап. Бақылаудың әдістері мен тәртібі 


1. Жоғары бақылау органы өзі бекіткен бағдарламаға сәйкес тексерулер жүргізуі тиіс. Белгілі бір мемлекеттік органдардың жекелеген жағдайда тексеру жүргізу туралы өтініш жасауға құқығы күшінде қалады. 

2. Тексерумен бәрін қамту мүмкін емес болғандықтан, жоғары бақылау органы әдетте іріктеу әдісін қолданады. Алайда, тексеру объектілері белгілі бір үлгі негізінде іріктеліп алынуы тиіс әрі қаржы және материалдық ресурстарды басқарудың сапасы мен дұрыстығы туралы қорытынды жасауға мүмкіндігі болу үшін олардың саны жеткілікті болуы қажет. 

3. Бақылау әдістерін ғылыми-техникалық прогресс пен басқару техникасының жетістіктеріне сүйене отырып жетілдіріп отыру қажет. 

4. Бақылаушыларға көмек болу үшін ішкі тексерулерді жүргізу жөнінде жадынамалар мен нұсқаулықтар дайындап отыру қажет. 

14-бап. Бақылаушы қыметкерлер 

1. Жоғары бақылау органының мүшелері мен қызметкерлері өздеріне жүктелген міндеттерді табысты орындау үшін қажетті деңгейде білікті болуы тиіс әрі олардың адал болғаны шарт. 

2. Жоғары бақылау органына қызметкерлерді жұмысқа алу кезінде олардың теориялық дайындығына, жұмыс істеу қабілеттілігіне және мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесіне баса назар аудару қажет. 

3. Жоғары бақылау органының барлық мүшелері мен қызметкерлерінің кейінгі теориялық және практикалық кәсіби дайындығына ішкі ведомстволық курстар мен семинарларда, сондай-ақ универститеттерде және халықаралық деңгейде барынша назар аудару қажет және осындай қайта даярлауды мүмкіндігінше барлық қаржы және ұйымдастыру құралдарымен ынталандыру керек. 

4. Жоғары білікті кадрларды жұмысқа алуды қамтамасыз ету үшін, олардың жалақысының деңгейі оларға өздерінің қызметіне байланысты қойылатын арнайы талаптарға сәйкес болуға тиіс. 

5. Егер жоғары бақылау органы қызметкерлерінің жекелеген тексерулерді жүргізуге қажетті кәсіби білімі болмаған жағдайда, мұндай тексерулерге сырттан сарапшылар тартуға болады. 

15-бап. Халықаралық тәжірибе алмасу 

1. Халықаралық жоғары бақылау органдарының ұйымы аясында идеялармен және тәжірибемен алмасу жоғары бақылау органына өзіне жүктелген міндеттерді атқару үшін көмек көрсетудің тиімді құралы болып табылады. 

2. Бұл жұмыстар осы уақытқа дейін БҰҰ-мен және басқа да ұйымдармен бірлесіп ұйымдастырылатын конгресстер, семинарлар және өңірлік жұмыс топтарының кеңестерін өткізу, арнайы журнал шығару арқылы жүзеге асырылатын. 

3. Осы қызметті мейлінше кеңейтіп, жандандырған дұрыс болар еді. Салыстырмалы заңнаманың негізінде мемлекеттік қаржылық бақылаудың бір ізге түсірілген технологиясын дамыту айрықша маңызды. 

VI. ЕСЕПТІЛІК 

16-бап. Парламент пен жұртшылық алдында есеп беру 


1. Жоғары бақылау органына өзінің жүргізген тексерулерінің нәтижелері бойынша жасаған қорытындылары мен тұжырымдары жөніндегі өзінің баяндамасын жыл сайын парламентке немесе басқа құзыретті мемлекеттік органдарға тікелей жіберуге Конституциямен уәкілеттік берілген болуға тиіс. Аталған баяндама жариялануы қажет. Соның нәтижесінде жұртшылық кең көлемді ақпаратпен қамтамасыз етіліп, пікірталастар өрбиді, сөйтіп, жоғары бақылау органының тұжырымдары мен ұсыныстарын іске асыруға қолайлы жағдай туындайды. 

2. Сондай-ақ жоғары бақылау органының жылдық есептерді ұсынудың мерзімін күтпестен, аса маңызды істер жөніндегі өзінің есептерін аяқталуына қарай парламентке жіберуге уәкілеттігі болуға тиіс. 

3. Жылдық есеп жоғары бақылау органының бүкіл қызметін, тек баяндаманың мазмұнын жариялауға қарсы мүдде болған жағдайда ғана қамтуы қажет, жоғары бақылау органы аталған мүддені қанағаттандыру маңызды ма әлде фактілерді жария ету маңызды ма деген мәселелерді мұқият таразыға салуы тиіс. 

17-бап. Есептің әдісі 

1. Есеп фактілерді және оларға берілген объективті әрі нақты бағаны қамтуы қажет және жұмыстың ең маңызды деген нәтижелерін баяндаумен шектелуі тиіс. Есептің тілі айқын әрі жалпыға түсінікті болуға тиіс. 

2. Тексерудің қорытындысы жөнінде жоғары бақылау органының жасаған тұжырымдары туралы тексерілген ұйымның пікірін келтіруге тиісінше назар аударылуы қажет. 

VII. ЖОҒАРЫ БАҚЫЛАУ ОРГАНЫНЫҢ БАҚЫЛАУ ӨКІЛЕТТІКТЕРІ 

18-бап. Бақылау өкілеттіктерінің конституциялық негізі, мемлекеттік қаржының басқарылуын бақылау 
 

1. Жоғары бақылау органының негізгі бақылау өкілеттіктері Конституцияда белгіленген болуға тиіс; ал нақты жайттары заңмен белгіленуі мүмкін. 

2. Бақылау өкілеттіктерінің нақты ережелері тиісті елдердің жағдайы мен қажеттілігіне қарай айқындалуы қажет. 

3. Мемлекеттік қаржы жалпы ұлттық бюджетте көрсетілсе де, көрсетілмесе де ол бойынша барлық басқару жоғары бақылау органының бақылау объектісі болуға тиіс. Ұлттық бюджеттен шығарылған мемлекеттік қаржының бөлігіне қатысты басқару жоғары бақылау органының бақылауынан алынбауы қажет. 

4. Жоғары бақылау органы тексеру жүргізу жолымен нақты әрі айқын бюджеттік сыныптаманы және мемлекет қаражатын пайдалануға қатысты мүмкіндігінше анағұрлым қарапайым әрі дәл есепке алу мен есептілік жүйесін орнатуға ұмтылуы тиіс. 

19-бап. Шетелде орналасқан мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарды бақылау 

Жалпы алғанда, шетелде құрылған мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарды жоғары бақылау органы бақылауы тиіс. Мұндай ұйымдарды тексерген уақытта халықаралық құқықпен белгіленген шектеулердің сақталуына баса назар аударылуы қажет. Алайда, осындай шектеулерді қысқартудың қажеттігі нақты материалдың негізінде дәлелденген жағдайда, халықаралық-құқықтық құжаттарға тиісті өзгерістер енгізуге болады. 

20-бап. Салықтардың төленуін бақылау 

1. Жоғары бақылау органы салықтардың төленгенін тексеруге және тексеру барысында салықтардың төленгені туралы жеке құжаттаманы қарауға мүмкіндігінше барынша уәкілетті болуға тиіс. 

2. Салықтардың төленуін бақылау негізінен оның заңдылығы мен дұрыстығын тексеруге байланысты болып келеді. Алайда, салық туралы заңның сақталуын тексере отырып, жоғары бақылау органы сондай-ақ салық қызметтерінің жүргізген жұмысының экономикалық тиімділігі мен ұйымдастырылуын, кіріс түсімдері жоспарының орындалуын зерделеуі тиіс және егер қажет болса, тиісті заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуі қажет. 

21-бап. Мемлекеттік келісімшарттар және мемлекеттік жұмыстар 

1. Мемлекеттік органдардың келісімшарттарға және қоғамдық жұмыстарға жұмсап жатқан елеулі қаражаты осы қаражаттың пайдалануына тексерудің айрықша мұқият жүргізілуін ақтап отыр. 

2. Мемлекеттік келісімшарттарды орындау үшін мердігерлікке өтінімдерді жариялы түрде қабылдау бағасы мен сапасы жағынан әлдеқайда тиімді ұсыныс алудың ең қолайлы тәсілі болып табылады. Егер де мердігерлікке арналған қоғамдық өтінімдер қабылданбаған болса, жоғары бақылау органы олардың не себепті қабылданбағанын анықтауы тиіс. 

3. Жоғары бақылау органы қоғамдық жұмыстарға тексеру жүргізген кезде осындай жұмыстарға басшылықты жүзеге асыруға арналған қолайлы стандарттарды белгілеуге жәрдемдесуі қажет. 

4. Қоғамдық жұмыстарды тексеру тек төлемдердің дұрыстығын талдауды ғана емес, сондай-ақ құрылыс жұмыстарының құрылысы мен сапасын басқарудың тиімділігін зерделеуді де қамтуы тиіс. 

22-бап. Деректерді электрондық өңдеу жөніндегі жабдықтарды тексеру 

Деректерді электрондық өңдеу жөніндегі жабдықтарға кететін шығындардың мөлшері де тиісінше тексеруді қажет етеді. Мұндай тексерулер жүйелі сипатта болуға тиіс, бұл ретте электрондық жабдықтарға деген қажеттілікті жоспарлауға, оларды үнемді пайдалануға, тексерілетін ұйымның көбінесе әкімшілігі құрамынан іріктелген тиісті біліктілігі бар мамандар контингентін пайдалануға, техниканың бұрыс пайдаланылуын болдырмауға, алынатын ақпараттың пайдалылығына баса назар аударылуы қажет. 

23-бап. Мемлекет қатысатын өнеркәсіптік және коммерциялық кәсіпорындар 

1. Үкіметтердің экономикалық қызметті кеңейту процесі көбіне жеке кәсіпорындарды пайдалану түрінде өтіп жатады. Егер үкіметтің осы кәсіпорындарға қатысуы елеулі болса, әсіресе, қатысу үлесі басым болып, немесе олардың қызметіне ықпалы үстем болған жағдайда, олар жоғары бақылау органының бақылау объектісі болуға тиіс. 

2. Мұндай тексерулерді факті бойынша жүргізген дұрыс болады, сонымен қоса, үнемділік пен тиімділік мәселелерін де зерделеу қажет. 

3. Парламентке жіберілетін және баспа беттерінде жарияланатын осындай кәсіпорындарды тексеру жөніндегі есептер өндірістік және сауда құпияларын сақтаудың қажеттігі туралы талаптарды ескере отырып жасалуы тиіс. 

24-бап. Мемлекет қаржыландыратын ұйымдарды бақылау 

1. Жоғары бақылау органы мемлекеттік қорлардан берілетін субсидиялардың пайдалануын тексеруге уәкілетті болуға тиіс. 

2. Егер тексерудің мақсаты қажет етсе, әсіресе, қаржыландырылған кәсіпорынның кірісінің немесе капиталының абсолюттік шамадағы немесе көлеміне қатысты субсидиялар аса жоғары болған жағдайда, тексеру осы кәсіпорындағы қаржыны басқарудың барлық мәселелерін қамтуы мүмкін. 

3. Субсидиялардың бұрыс пайдаланылғаны анықталған жағдайда келтірілген шығынның орнын толтыруды талап ету қажет. 

25-бап. Халықаралық және көп ұлтты ұйымдарды бақылау 

1. Қатысушы елдердің жарналары есебінен шығындары жабылып оыратын халықаралық және көп ұлтты ұйымдарға жекелеген елдерде өткізілетіндей сыртқы тәуелсіз тексеру жүргізу қажет. 

2. Мұндай тексерулер тиісті ұйымның құрылымы мен міндеттерін ескере отырып жүргізілуі тиіс болғанымен, тексерулер осы ұйымдардың қатысушы елдерінің жоғары деңгейінде өткізелетін тексеру кезіндегі нақ сол бағыттар бойынша жүзеге асырылады. 

3. Мұндай тексерулердің тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін, сыртқы бақылау комиссиясының мүшелері негізінен жоғары бақылау органдары арасынан тағайындалуы тиіс.

 

ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдаулары
ҚР Президентінің Қазақстан
халқына Жолдаулары

Төрағаның Блогi
Нұрмұхамбет Қанапияұлы Әбдібеков
Есеп комитетінің Төрағасы

8 (7172) 70 69 86 - Баспасөз хатшысы

8 (7172) 70 70 62 - Кеңсе

8 (7172) 70 70 21 - Сенім телефоны

   Жаңалықтарды тарату