РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫН БАҚЫЛАУ ЖӨНІНДЕГІ
ЕСЕП КОМИТЕТІ

БАҚ Есеп комитеті туралы

23.08.2017

Бір жарым мыңдай құжат қысқартылады, "Айқын" газеті

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев облыс әкімдеріне Индустрияландыру аясында ашылған, бірақ қазір тоқтап тұрған кәсіпорындардың жұмысын биылғы 1 желтоқсанға дейін қайта жандандыруды жүктеді. Бұл тапсырманы Премьер Үкіметтің кешегі отырысында берді. Жиында Министрлер кабинетінің мүшелері «Кедендік реттеу туралы» кодекс жобасын, сондай-ақ бюджет заңнамасын жетілдіретін жаңа заңның жобасын қарады.

Сонымен қатар Үкімет жетекшісі өткен аптада, 18 тамызда Ақмола облы­сының Бурабай кентінде ұйымдас­тырылған кеңесте Мемлекет басшысы берген тап­сырмаларды орындауға нақты жауапты тұлғалар мен мемлекеттік органдарды айқындады.

Отырыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндаған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов әріптестерін «Қазақстандағы кедендік реттеу туралы» кодекс жобасымен таныс­тырды. Ол соңғы үш жыл бойы Еуразиялық экономикалық комиссия алаңында «Еуразиялық экономикалық одақтың жаңа Кеден кодексін» жасау бойынша ауқымды жұмыстар жүр­гізілгенін еске салды. Қазақстан ол одақ­тық заңнамалық құжатқа өз түзетулерін енгізді: тек соңғы мем­лекетшілік келісу нәтижелері бойынша еліміз 552 түзетулерін жолдаған. Салыстыру үшін айта кетелік, ЕАЭО-ға мүше бес елден түскен түзетулерінің жалпы саны 1 472 болыпты. Қазақстандық түзетулердің 65%-ының қолдау тапқаны айтылды.

Биылғы 11 сәуірде Еуразиялық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа қол қойылды. Қазір ол ЕАЭО-ға мүше 5 елде ратифи­кациялау рәсімдерінен өтуде. Осы орайда қолданыстағы өзіміздің ұлттық кедендік заңнаманы жаңа кедендік ережелермен сәйкестендіру мәселесі туындаған екен.
– Осы мақсатта Ұлттық экономика министрлігінде 8 ай бойы менің басшы­лығыммен өзіміздің жаңа Кеден кодексін әзірлеу бойынша жұмыс тобы жұмыс атқарды. Бұл жұмыстың қорытындысын – «Қазақстандағы кедендік реттеу тура­лы» кодекс жобасын сіздердің назарла­рыңызға ұсынып отырмыз, – деді өз әріптестеріне қайырылған Т.Сүлейменов.
Министр аталған кодекстің басты жаңашылдықтарына тоқтала кетті. «Негізгілердің арасында кедендік реттеуге түбегейлі жаңа тәсілдемені – кедендегі бизнес-процестерді автоматтандыруды атау керек. Бұл ретте электронды декла­рациялаудың басымдығы енгізілуде. Яғни, барлық дерлік декларациялау электронды түрде жүргізіледі. Бұл жағ­дайда қандай да бір растаушы құжаттарды қоса беру қажет болмайды. Барлық керекті мәліметтер декларацияның өзінде көрсетіледі. Жекелеген жағдайларда ғана, мысалы, техникалық ақаулар туындаған кезде қағаз түрінде декларациялау қол­данылады», – деді Тимур Мұратұлы.

Сонымен қатар жоба арқылы «бір терезе» тетігін қолдану мүмкіндігі заң жүзінде бекітіледі. Енді кеден органдары ақпараттық өзара әрекеттесу аясында мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынуға болатын құжат­тарды декларанттан сұратпайтын болады.
– Осы екі ережені жүзеге асыру тауарларды автоматты түрде шығаруға мүмкіндік туғызады. Яғни, егер ықтимал бұзушылықтар анықталмаған болса, кеден органдарының ақпараттық жүйесі декларацияны лауазымды тұлғалардың қатысуынсыз-ақ шығарады. Бұл ережелер декларациялау үрдісін жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға септеседі, – деді министр.

Жаңа Кеден кодексі сыртқы экономи­калық қызметке қатысушыларға өз шығыстарын оңтайландыруға жағдай туғызады.

– Мысалы, кедендік баждар бойынша төлеуді кейінге қалдыру көзделуде. Егер қандай бір себептермен декларант кеден­дік баждар бойынша бюджетпен бірден есеп айырыса алмаса, онда пайыздарын төлей отырып, 1 айға кейінге қалдыруды пайдалану құқығын мемлекет береді. Жекелеген жағдайларда пайыздарды төлемей, 6 айға дейін бөліп төлеу ұсыны­лады. Бұл, мысалы, халықаралық шарттар шеңберінде жеткізілімдерді жүзеге асыру кезінде, ауыл шаруашылығы техникасын, егін жұмысының материалдарын, асыл-тұқымды жануарларды әкелу кезінде, дүлей зілзала, технологиялық апат немесе өзге де «еңсерілмейтін күш жағдайлары» – форс-мажор нәтижесінде төлеушіге залал келтірілген кезде бөліп төлеу ұсынылады, – деді Т.Сүлейменов.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін «постфактум» кедендік тазалау режимі бойынша шығарылатын тауарлар тізімі кеңейтілді. Бұл бизнес адамдарына «декларацияны кейін беремін және кедендік баждарды келесі айдың 10-шы күнінен кешіктірмей төлеймін» деп өтініш жазып, тауарларды еркін айналымға шығаруына мүмкіндік береді. «Пост­фактум» кедендік тазалау режимі еркін қойма, еркін кедендік аймақ, кеден аумағында өңдеу секілді кедендік рәсімдер аясында орналасты­рылған тауарларға, сондай-ақ инвестор­лар мен уәкілетті экономикалық опе­раторларға таралады.
Бизнес орта үшін басқа да игіліктер қарастырылған. Мәселен, декларантты әкімшілік жауапкершіліктен босату жағдайлары кеңейтілді. Айталық, егер «хабарлама табыс етілген кезден бастап, 30 жұмыс күні ішінде бұзушылықтарды өз бетінше жойса», «кеден органының мұн­дай бұзушылықтарды анықтауы нәти­жесінде 500 айлық есептік көрсет­кіштен аспайтын мөлшерде қосымша үстеме есепті 1 жұмыс күні ішінде ерікті түрде төлесе» және басқа да жағдайларда әкім­шілік жауапкершіліктен босату белгіленіп отыр.

Кодексте Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту шаралары қабылданбақ. Бұл ретте кедендік операциялар оңтай­лан­дырылады. Қолданыстағы кодексте транзитті 24 сағат ішінде аяқтау қарас­тырылған, жаңа Кодексте шенеуніктерге рәсімді аяқтау үшін жұмыс уақытының 4-ақ сағаты беріледі. Бұған қоса, егер транзиттік жүктерді кедендік тексеру талап етілер болса, оны жүргізу мерзімі қазіргі 10 күннен 5 күнге қысқартылады. Тауарларды авиакөлікпен тасымалдаған жағдайда кепілдік беру қажеттілігі жойылды.

– Тауарларды екі немесе одан көп көлік түрлерімен тасымалдаған жағдайда транзитті рәсімдеу айтарлықтай қиын­дықтар туатын. Себебі, әр көлік түріне жеке транзиттік декларация рәсімделеді. Жаңа кодексте бір транзиттік декларация ұсыну мүмкіндігі берілмек, бұл мульти­модальды тасымалдауларды айтарлықтай жеңілдетеді. Осылайша, жаңа Кеден кодексі Қазақстанға төл транзиттік және экспорттық әлеуетін пайдалануға, сыртқы экономикалық қызметті жүргізуді жеңілдетуге жол ашады, – деді ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов.
Осы шаралар арқасында Дүниежүзілік банктің «логистика тиімділігінің индексі» (LPI) рейтингінде Қазақстанның орны жақсарады деп күтілуде. 2016 жылы бұл рейтингте Қазақстан 160 ел арасында 77 – орынды иеленді.

Өз кезегінде Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов бұл құжат жобасында «Тәуел­сіздік жылдарында жинақталған ең озық құқық қолдану практикасы көрініс тауып отырғанын» айтты.

– Кедендік әкімшілендіруді оңайлату жұмыстарына бизнес өкілдері белсенді қатысты. Бизнес пен кеденнің элек­тронды өзара іс-қимылының басымдығы бекітілді. Тауарларды декларациялау және шығару процесі автоматтан­ды­рылады. Тәуекелдер болмаған жағ­дай­да, ақпараттық жүйе кедендік декларация­лар бойынша шешімді санаулы минуттарда қабылдайтын болады. Бұл ретте декла­рацияны қараудың ең ұзақ мерзімі қазіргі 1 жұмыс күнінен 4 сағатқа дейін қысқар­тылды. Мұндай жаңалық бизнестің шығындарын елеулі төмендетеді және тауарларды өткізу пунктер арқылы өт­кізуді жеделдетеді, – деді Бақыт Сұлтанов.

Кодекс жобасында «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы» арнайы экономикалық айма­ғында кедендік операцияларды жасау мәселелері реттелген. Бұл да бизнестің біраздан шешімін күткен проблема­ларының бірі еді.

– Кодекс жобасында Қазақстан-Қытай жобасы – «Қорғас» шекара маңы ынтамақтастығы халықаралық орталығын дамытуға бағытталған ережелер көзде­луде. «Қорғас» ШЫХО аумағында енді шетелдік тауарларды деклара­цияламай және кедендік төлемдерді төлемей, тұтыну мүмкіндігіне жол беріледі. Бұл қызмет көрсету және қоғамдық тамақтану саласы үшін шетелдік тауарларды қосымша шығынсыз әкелуге мүмкіндік береді. Бажсыз сауда дүкендерінің жұмыс істеу өрісі ашылады, онда отандық, сондай-ақ шетелдік тауарларды жеке тұлғаларға бөлшек саудамен сатуды жүзеге асыруға болады, бұл «Қорғас» ШЫХО-ға турис­тердің қызығушылығын жоғарылатады, – деді қаржы министрі. Яғни, «Қорғас» орталығы әуежайлар­дағыдай, «Дьюти фриге» айналады.

Министрдің байламынша, жаңа Кеден кодексі күшіне енген соң, «мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимылы Қазақстанда жаңа деңгейге шығады».

Бірінші мәселені талқылауды қорыт­қан Премьер Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдарға айтылған барлық ескертулерді пысықтап, кодекс жобасына қажетінше өзгерістер енгізу туралы тапсырма берді.

Осыдан кейін Үкімет мүшелері бюд­жет заңнамасын жетілдіруге қатысты жаңа заң жобасын талқылап, мақұлдады. Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің баяндауынша, «Кейбір заңнамалық актілерге бюджет заңна­масын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» заң жобасы Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында берген тапсыр­маларын, Ұлттық қорды қалыптасты­рудың және пайдаланудың жаңа тұжы­рымдамасын, сондай-ақ Парламенттің және Есеп комитетінің ұсынымдарын іске асыру мақсатында әзірленді.

Ол бюджет заңнамасына 6 негізгі бағыт бойынша түзетулер енгізбек. Бұл ретте бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын жеңілдету мақсатында оларды келісудің жекелеген кезеңдерін алып тастау ұсынылады. Мысалы, «стратегиялық жоспарлар әзірлемейтін мемлекеттік органдардың бюджеттік бағдарла­малары Ұлттық экономика министрлі­гімен келі­сусіз-ақ бекітілмек». Тек Қаржы министр­лігімен келісу қалады. Сондай-ақ «бюд­жетті түзету кезінде бюджеттік бағ­дар­ламаларға Ұлттық экономика ми­нистрлігімен келісусіз өзгерістер енгізу» ұсынылады. Осы және басқа да өзгерістер бю­джеттік бағдар­ламаларды келісу мер­зімін әрбір кезеңде орта есеппен 10 күнге қысқартуға мүм­кіндік беретін көрінеді.

– Сондай-ақ бүгінде бюджеттік бағдарламаларды көбіне қайталайтын «нысаналы даму трансферттердің нә­ти­желері туралы келісімдерді» алып тастау ұсынылып отыр. Қорытындысында, ор­та­лық және жергілікті деңгейлердегі 1,5 мың­­нан астам құжат қысқартылады. Ор­талық мемлекеттік органдардың әкімшілік шығындарын Қаржы министрлігі ай­қындайтын жалпы лимитпен жоспарлау ұсынылады. Бұл бюджеттік өтінімдерді дайындауды жеңілдетеді, оның қарастыру мерзімін және ұсынылатын құжаттардың көлемін қысқартады, – деді Т.Сүлей­менов.

«Мемлекет пен жекенің әріптестігі» жобаларын жоспарлау рәсімдерін жеңілдету мақсатында МЖӘ келісімдері жобаларының тұжырымдамасы мен сараптамаларын алып тастау есебінен барлық процесті, яғни инвестициялық ұсыныс сараптамасын, конкурс өткізуді, МЖӘ шартын жасасуды 5-тен 3 кезеңге қысқарту көзделеді. Бұл МЖӘ жобаларын әзірлеу мерзімін 7-ден 3 айға дейін қыс­қартуға мүмкіндік береді екен. Нәтиже­сінде, МЖӘ рәсімдері неғұрлым қысқа және бизнес үшін қолжетімді болады.
Жаңа заң жобасында бюджет процесін жетілдірудің басқа да мәселелері қарас­тырылып отыр. Мәселен, айыппұлдарды, өсімпұлдарды, санкцияларды және өнді­ріп алуларды болжауға тыйым салынады. Әйтпесе, қазір тиісті болжам құратын бақылаушы-қадағалаушы органдар кейін мәселен, айыппұл салу бойынша жоспар­ды орындап, көркем көрсеткішке жету үшін жанталасады, кәсіпкерлерге көбірек айыппұл салу амалын қарастырады.
– Тұтас алғанда, ұсынылып отырған түзетулер бюджет қаражатын экономикаға жылдам жеткізуге, игерілмеген сомалар­дың азаюына, мемлекеттік-жеке әріп­тестік жобаларының ұлғаюына, сондай-ақ мем­лекеттік органдардың дербестігі жағ­дайындағы үлкен жауапкершілігіне ықпал ететін болады, – деді Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов.

Үкімет мақұлдаған заң жобасы алда Парламентке енгізіледі.
Үкімет отырысы соңында Премьер Бақытжан Сағынтаев өңірлерді әлеу­меттік-экономикалық дамытуға және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға арналған 18 тамыздағы кеңестегі Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Бақытжан Сағынтаев Мемлекет бас­шысы белгілеген міндеттерді іске асыру аясында жауапты мемлекеттік органдарға және әкімдіктерге «Нұрлы жол» мемле­кеттік бағдарламасы бойынша қара­жаттарды игеру мәселесін тұрақты бақы­лауда ұстауды тапсырды. Әсіресе, білім беру нысандарына ерекше көңіл бөлу тапсырылды. Осыған орай, Ұлттық экономика министрлігіне ай сайын нысандардың уақытылы іске қосылуына мониторинг жүргізіп, Үкіметке ақпарат беріп отыру жүктелді.
Инвестициялар және даму министр­лігіне, «Бәйтерек» холдингімен және өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, 1 қа­занға дейін «Нұрлы жер» бағдарламасына банктерді белсендірек тарту және оны іске асырудың тиімділігін арттыру үшін бағдарлама тетіктеріне түзетулерді қа­растыратын Үкімет шешімінің жобасын енгізу туралы тапсырма берілді.
Осы министрлік Ақпарат және ком­муникациялар министрлігімен бірлесіп, бағдарлама тетіктерін ақпараттық сүйе­мелдеу және насихаттау бойынша медиа-жоспарды бекітуге, осы жұмысқа об­лыстардың әкімдерін тартуға міндеттелді.

Индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша цифрландыру мен жаңа технологияларды енгізу есебі­нен бағдарлама тиімділігін арттыру қажеттігі байқалуда. Осыған орай, Инвестициялар және даму министрлігіне, әкімдіктермен және мүдделі ұйымдармен, бәсекеге қабілетті экспорттық өндіріс­терді дамыту бойынша жұмысты үйлестіру тапсырылды. Сондай-ақ Премьер өңірлердің әкімдеріне индустриялан­дырудың өңірлік карталары аясында енгі­зілген, бірақ тоқтап тұрған кәсіп­орындарды іске қосу бойынша нақты жұмыстарды жүргізуді және 1 желтоқсанға дейін олардың жұмысын қайта жан­дандыруды жүктеді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қазақстанның қаржыгерлер қауым­дастығымен, «Атамекен» палатасымен және әкімдермен бірлесіп, 1 ай мерзімде ірі агрохолдингтерді қаржылық сауық­тыру жұмыстарына егжей-тегжейлі талдау жасап, Үкіметке тиісті ұсыныстарды жіберуге міндетті.

Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыру аясында Еңбек, Ұлттық экономика, Қаржы және Ауыл шаруашылығы ми­нистр­ліктеріне, әкімдермен бірлесіп, Үкіметке аймақтық квоталарды ұлғайту, азаматтарды еліміздің оңтүстік өңірле­рінен солтүстікке ерікті түрде көшуге ынта­ландыру және қажетті есептерді дайындау бойынша ұсыныстарды Үкіметке жіберу тапсырылды.

Мәдениет және спорт, Білім және ғылым, Ақпарат және коммуникациялар, Дін істері және азаматтық қоғам, Қаржы министрлеріне, өңірлердің әкімдеріне «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жобалардың уақытылы іске асырылуын жеке бақылауға алу тапсырылды.

«Алға қойылған міндеттерді мүлтіксіз орындап, жұмысымызға тиісті түзетулер енгізуіміз қажеттігіне баса назар аудара­мын!» – деп нықтады Үкімет отырысын аяқтаған Бақытжан Сағынтаев.

Оставить комментарий

 

ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдаулары
ҚР Президентінің Қазақстан
халқына Жолдаулары

Төрағаның Блогi
Нұрмұхамбет Қанапияұлы Әбдібеков
Есеп комитетінің Төрағасы

8 (7172) 70 69 86 - Баспасөз хатшысы

8 (7172) 70 70 62 - Кеңсе

8 (7172) 70 70 21 - Сенім телефоны

   Жаңалықтарды тарату