РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫН БАҚЫЛАУ ЖӨНІНДЕГІ
ЕСЕП КОМИТЕТІ

Жаңалықтар - Баспасөз релиздері

13.04.2018

Есеп комитетінің кезекті отырысы өтті

Отырыста «Инфрақұрылымды дамытудың 2015 - 2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының» іске асырылуына жүргізілген мемлекеттік аудиттің (1-міндет. Қазақстанның заманауи көліктік инфрақұрылымын қалыптастыру, сондай-ақ оның халықаралық көлік жүйесіне интеграциялануын қамтамасыз ету) қорытындылары шығарылды.

Мемлекет басшысы бастамашылық жасаған Инфрақұрылымды дамытудың «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – Мембағдарлама) тек дағдарысқа қарсы маңызды шара ретінде ғана емес, сондай-ақ дағдарыстан кейінгі кезеңде елдің экономикалық дамуына ықпалын тигізді. Көліктік инфрақұрылымды жетілдіру әрқашан экономиканың барлық салаларының дамуына едәуір оң ықпал етеді.

Мембағдарлама шеңберінде автомобиль жолдары саласындағы инфрақұрылымдық жобалардың кең ауқымды іске асырылуы көліктік шығыстардың  төмендеуіне, қызмет көрсетудің жақсаруына, тасымалдау жылдамдығының ұлғаюына әкеліп, іскерлік белсенділіктің артуына және жалпы алғанда, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсерін тигізеді.

Мембағдарламаны іске асыру басталғаннан бері республикалық маңызы бар 2 мың километрден астам автожол құрылыспен және реконструкциямен қамтылып, оның 1,3 мың километрі, соның ішінде «Астана-Теміртау», «Алматы-Қапшағай», «Астана-Қостанай» және «Ақтөбе-Қарабұтақ-Денисовка» учаскелері пайдалануға берілді.

Мембағдарламаның автожол жобаларын іске асыру шеңберінде жыл сайын 75 мыңнан астам адам жұмысқа тартылады, жол-құрылыс материалдарының 90%-дан астамын отандық өндірушілердің материалдары құрайды.

Сонымен қатар көліктік инфрақұрылымды дамытуға бөлінген бюджет қаражатын пайдалану кезінде жоспарланған іс-шаралардың орындалуына кері әсерін тигізген жекелеген бұзушылықтар мен кемшіліктерге жол берілген.

Мәселен, Мембағдарламаны іске асыру жөніндегі жоспардың сапасыз әзірленуі бірқатар іс-шаралардың орындалмауына немесе ішінара орындалуына, бюджет қаражатын пайдалануда айқындықтың болмауына, анық емес есептің берілуіне әкеп соққан. Осыған байланысты Үкіметке Мембағдарламада іс-шаралардың іске асырылу тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін сандық көрсеткіштерді айқындау ұсынылды.

Жолдардың қанағаттанарлық жай-күйін сақтап тұру, олардың сапасының нашарлауына ықпал ететін себептерді жою бойынша толыққанды шаралар қабылданбайды.

Атап айтқанда, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ең қарқынды учаскелерінде автокөлік құралдарының салмақ габариті параметрлерінің асырылуын анықтауға арналған арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдары (ААӨҚ) санын ұлғайту қамтамасыз етілмеген.

Бұл ретте 2014 жылдан бері қолданылып жүрген құны 533,8 млн. теңгені құрайтын 12 ААӨҚ тиісінше жұмыс жасамайды. Оларды           күтіп-ұстауға 60,3 млн. теңге жұмсалған. Осыған байланысты Инвестициялар және даму министрлігіне қолданыстағы ААӨҚ-лердің тиісті түрде пайдаланылуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Бұдан басқа, Автомобиль жолдары комитетінің «Облжоллаборатория» мемлекеттік мекемесінің автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау, жөндеу сапасын сараптауды, тексеруді тиісті деңгейде жүзеге асырмайтыны атап өтілді, бұл оларды пайдалану мерзімін арттыруға және бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуын қамтамасыз етуге ықпал етпейді. Осыған орай Қаржы министрлігіне Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп «Облжоллаборатория» ММ жүзеге асыратын жүргізілген жұмыстар сапасын тексеру жөніндегі функцияларды бәсекелес ортаға берудің орындылығы мәселесін қарау ұсынылды.

Сонымен қатар мемлекеттік аудит барысында орындалмаған және сапасыз орындалған құрылыс және монтаж жұмыстарына ақы төлеу, мердігерлік ұйымдарда жалпы сомасы 1,4 млрд. теңгеге дебиторлық берешектің қалыптасу фактілері анықталды. Аудит барысында республикалық бюджет кірісіне жұмыстарды орындау арқылы 0,7 млрд.теңге өтеліп, қалпына келтірілді.

Бұдан бөлек, бірқатар жобалардың ЖСҚ-сын сапасыз әзірлеумен, сондай-ақ 2015-2016 жылдардағы бюджет қаражаты қалдықтарының   пайдаланылмауымен байланысты сомасы 16,2 млрд. теңгеге қаражатты тиімсіз пайдалану фактілері анықталды.    

Отырыстың қорытындысы бойынша Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетіне, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына анықталған бұзушылықтарды жою, бюджет және өзге де заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген лауазымды адамдардың жауаптылығын қарау бойынша бірқатар тапсырмалар берілді.
 
Есеп комитетінің баспасөз қызметі

Оставить комментарий

 

ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдаулары
ҚР Президентінің Қазақстан
халқына Жолдаулары

Төрағаның Блогi

8 (7172) 70 69 86 - Баспасөз хатшысы

8 (7172) 70 70 62 - Кеңсе

8 (7172) 70 70 51 - Сенім телефоны

   Жаңалықтарды тарату