РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫН БАҚЫЛАУ ЖӨНІНДЕГІ
ЕСЕП КОМИТЕТІ

Жаңалықтар - Баспасөз релиздері

18.04.2018

Есеп комитетінің кезекті отырысы өтті

Мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борышты басқарудың тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары шығарылды.

Мемлекеттік борыш индикаторларының белгіленген деңгейі рұқсат етілген мәндер аймағында екендігі атап өтілді. Халықаралық рейтингтерге сәйкес Қазақстанның 2017 жылғы борыштық орнықтылығы тұрақты болып табылды.

Сонымен қатар, мемлекеттік аудит барысында мемлекеттік борышты басқару жүйесіндегі бірқатар кемшіліктер анықталды.

Мәселен, қаржы және ұлттық экономика министрліктері 2015-2017 жылдары мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыштың жағдайын бағалауды тек өз ведомстволарының стратегиялық жоспарларын әзірлеу шеңберінде ғана жүргізген, ал Бюджет кодексіне сәйкес бағалауды осы министрліктер жыл сайын Ұлттық Банкімен бірлесіп жүргізуі тиіс.

Үкіметтік және мемлекет кепілдік берген борышты өтеуге және оған қызмет көрсетуге арналған шығыстар жыл сайын ұлғаюда.

2018 жылғы 1 қаңтарға үкіметтік сыртқы борыш портфелі сомасы 2,4 трлн. теңгеге 58 басым жобадан тұрды. Бұл ретте 44 жоба аяқталды, 13-і орындалу үстінде және бір жоба басталмаған. Жобаларды іске асыру мерзімдерінің созылуына байланысты оларды қаржыландыруға тартылған сыртқы қарыздардың барлығы уақтылы игерілмеуде. Бұл қарыздардың әрекет ету мерзімдерінің ұлғаюына және оларға қызмет көрсету бойынша қосымша бюджет шығындарына әкеп соғады.

Мәселен, Инвестициялар және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті «Оңтүстік – Батыс» жол дәлізінің жобасы («Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзит дәлізі) бойынша 54,7 млн. АҚШ доллары сомасындағы қаражатты толық көлемде игермеген. Алты жоба бойынша жалпы сомасы 1 251,4 млн. АҚШ долларының игерілмеуіне жол берілген.

Ауыл шаруашылығы министрлігі ауыл шаруашылығын жекешелендіруден кейін қолдауға, Өскемен қаласының қоршаған ортасын қалпына келтіруге, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, су ресурстарын басқаруға және жерді қалпына келтіруге, сондай-ақ ауылдық аумақтардың сумен жабдықтау мен кәріз жүйелерін дамытуға бағытталған 5 жобаны іске асыру шеңберінде жалпы сомасы 70,3 млн. АҚШ долларының игерілмеуіне жол берген.

Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік медициналық сақтандыру жобасын іске асыру шеңберінде қарыз қаражатының 99,8%-ын немесе 79,8 млн. АҚШ долларын игермеген.

Көрсетілген фактілер жобаларды іске асыруға жауапты мемлекеттік органдар тарапынан оларды жеткілікті дәрежеде тиімді басқармайтынын және осы мәселе бойынша қажетті ведомствоаралық үйлестірудің жоқ екенін дәлелдейді.

Бұдан басқа, 35 қарыз бойынша жалпы сомасы 546,7 млн. АҚШ долларын құрайтын пайдаланылмаған қаражат жойылып, бұл қарыздардың бастапқы сомасынан біржолғы комиссияның төленуіне байланысты жалпы сомасы 73,1 млн. теңгеге республикалық бюджеттің тиімсіз шығыстарына алып келген.

Отырыс барысында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің борышына қатаң бақылау орнату қажеттілігі атап өтілді.

Есеп комитеті отырысының қорытындылары бойынша Үкіметке сыртқы жалпы борышты басқару бойынша Парламентке жыл сайын есеп ұсыну мәселесін қарау, сондай-ақ «Әкімшілік бұзушылық туралы» Кодекске сыртқы қарыздар есебінен қаржыландырылатын жобаларды сапасыз жоспарлағаны және тиімсіз іске асырғаны үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері жұмыскерлерінің жауаптылығын белгілеу бөлігінде толықтырулар енгізу ұсынылды.

Ұлттық Банкке Қаржы министрлігімен бірлесіп жергілікті атқарушы органдардың облигациялық қарыздарын мерзімнен бұрын өтеу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.

Сондай-ақ, қаржы, ұлттық экономика, әділет министрліктеріне, Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне, Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитетіне, Ақтөбе және Қостанай облыстарының әкімдеріне бірқатар, соның ішінде анықталған бұзушылықтарды жою, бюджет және өзге де заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген лауазымды адамдардың жауаптылығын қарау бойынша тапсырмалар берілді.
 
Есеп комитетінің баспасөз қызметі

Оставить комментарий

 

ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдаулары
ҚР Президентінің Қазақстан
халқына Жолдаулары

Төрағаның Блогi

8 (7172) 70 69 86 - Баспасөз хатшысы

8 (7172) 70 70 62 - Кеңсе

8 (7172) 70 70 51 - Сенім телефоны

   Жаңалықтарды тарату