РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫН БАҚЫЛАУ ЖӨНІНДЕГІ
ЕСЕП КОМИТЕТІ

Жаңалықтар - Баспасөз релиздері

16.05.2018

Бюджет – 2017: Үкімет пен Есеп комитетінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі таныстырылды

Бүгін Мәжілісте Үкімет пен Есеп комитеті депутаттарға 2017 жылғы республикалық бюджеттің орындалуы туралы есепті таныстырды.
 
Есептік құжаттардың таныстырылымы Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің отырысы шеңберінде Палата Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаеваның қатысуымен өтті.
 
Таныстырылымда Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұлов пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова баяндама жасады.
 
Отырыс барысында баяндамашылар депутаттардың қойған сұрақтарына жауап берді. Есепті одан әрі қарай талқылау Мәжіліс депутаты Альберт Рау жетекшілік ететін жұмыс тобында жалғасатын болады.
 
 Үкіметтің 2017 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі Жедел деректер бойынша 2017 жылы ЖІӨ өсімі өнеркәсіптің (7,1 %-ға) және қызмет көрсету салаларының (2,7 %-ға) сенімді өсуі есебінен 3,4 % нысаналы индикаторда 2016 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 4,0 %-ды құрады. Негізгі капиталға инвестициялар көлемі 5,5 %-ға ұлғайды, өсім «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы және «Индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде индустриялық-инновациялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға байланысты.
 
Мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындауға арналған шығыстар толық көлемде орындалды, инфляцияның болжамды деңгейін баса озып зейнетақы төлемдерін 2 %-ға ұлғайту қағидаты сақталды. 2017 жыл ішінде республикалық бюджетті екі нақтылау және үш түзету жүргізіліп, республикалық бюджетті іске асыру туралы 3 қаулы жобасы қабылданды. 2017 жылғы республикалық бюджеттің негізгі параметрлері мынадай деректермен ұсынылған.
 
Түсімдер 9 799 млрд.теңге немесе 101,1% құрады. Кірістер 9 692 млрд.теңге сомасында түсті. Оның 51,7% бюджеттің таза кірістерін, 48,3% - трансферттер түсімдерін құрайды. Таза кірістердегі салықтық түсімдердің үлесі 2016 жылмен салыстырғанда ЖІӨ-ге қатысты 3,4 пайыздық тармаққа және 0,2 пайыздық тармаққа ұлғайды.
 
Шығыстар 11 156 млрд.теңге деңгейінде немесе99,8% атқарылды. 2016 жылмен салыстырғанда шығыстар 2 655,5 млрд.теңгеге өсті. Қаражат 11 мемлекеттік және үкіметтік бағдарлама көрсеткіштеріне, 336 бюджеттік бағдарламаны іске асыру арқылы стратегиялық бағыттың 47 индикаторына қол жеткізу үшін бағытталған болатын. Бюджет тапшылығы 1 357 млрд.теңгені құрады. Бұл жоспардың 129 млрд.теңгесіне аз. ЖІӨ пайызында жоспарланған 3% орнына 2,6% құрады.
 
Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің есебі -Үкіметтің 2017 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне қорытынды Есепке жасалған Қорытынды бойынша Есеп комитетінің Төрайымы Наталья Годунова сөз сөйледі.
Мемлекеттік аудиттің жоғары органының басшысы Мемлекет басшысының бюджет қаражатын тиімді пайдалану, мемлекеттік органдардың нақты нәтижелерге қол жеткізуі, бұзушылықтарға жол бермеудің алдын алу шараларын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын сапалы іске асыру бойынша Есеп комитетінің нақты шаралар қабылдап жатқанын атап өтті.

Наталья Годунова «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заң нормаларын тиісінше іске асырудың, Есеп комитетінің қызметін әлемдік практикаға сәйкес одан әрі жетілдірудің маңыздылығын айтты. Есеп комитетінің басшысы Үкіметтің Есебіне қорытындыдағы негізгі тұжырымдарға тоқтала отырып, Үкімет 2017 жылы барлық әлеуеттік міндеттемелерді орындағанын баса айтты.
 
Алдыңғы кезеңдердегі кемшіліктер едәуір дәрежеде ескерілген Есеп комитетінің өткен жылдың қорытындысы бойынша берген ұсынымдары 86%-ға орындалған. Қаражатты бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің өз бетінше бөлуі игерілмеу көлемін қысқарта отырып, бюджеттің атқарылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
 
Бұдан басқа, бересі көлемі төмендеген, квазимемлекеттік секторға мемлекеттің қатысуы, соның ішінде жүргізілген жекешелендіру рәсімдерінің есебінен қысқарған. Республикалық бюджеттің атқарылуы макроэкономикалық тұрақтылық пен экономика өсімінің қарқынын қалпына келтіру жағдайларында жүзеге асырылды.
 
Сонымен қатар, екінші деңгейдегі банктердің бизнестің төлем қабілеттілігі мен орнықтылығына берген төмен бағасы, сондай-ақ халықтың нақты табыстарының күтілетін әлеуетті өсімі экономиканың нақты секторына кредит беру өсіміне кедергі келтіреді.
 
«Қалыптасып отырған жағдай инвестициялық жобалардың жаппай іске асырылуын қаржылық ресурстармен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді»,-деді Наталья Годунова. Есеп комитетінің Төрайымы мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыштың деңгейі қауіпсіз шектерде қалып отырғанын, алайда өсу серпіні бар екенін растады.
 
«Қарыз алуды ішкі нарыққа қайта бағдарлаудың оң үрдісі байқалады. Алайда, сыртқы қарыз алудың сақталып отырған саясаты еліміздің борыштық құралдары нарығының дамуын едәуір шектейді және шетел валютасындағы қарыздарға қызмет көрсетуге арналған шығыстардың ұлғаюына әкеп соғады. Бұған борыштың шоғырландырылған есебінің болмауы ықпал етті»,-деді ол.
Сөз барысында салықтық әкімшілендіру нәтижелілігінің мәселелері де айтылды. «Егер 2013 жылы салықтық түсімдердің үлесі 68%-ды құраса, 2017 жылы ол 50%-ға төмендеген, бұл мұнайға әлемдік баға баррель үшін 37 АҚШ долларына дейін төмендеген 2015 жылғы дағдарыс жылынан төмен»,-деп хабарлады Есеп комитетінің Төрайымы.
 
Бұдан басқа оның пікірінше, салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыру үшін ең озық әлемдік практиканы пайдалану орынды. Атап айтқанда, қолданыстағы заңнамаға «салықтық алшақтық» ұғымын (салықтық әлеует пен іс жүзінде түскен салықтар арасындағы айырмашылық) енгізу арқылы. Үкіметтің республикалық бюджеттің жоспарлы параметрлерін орындағаны байқалады.
 
Алайда, бұрынғыша жекелеген мемлекеттік органдардың бөлінген бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануы орын алған, ол жалпы сомасы 508 млрд. тенгені құрайды.
 
Есеп комитетінің Төрайымы «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Заңға сәйкес жүзеге асырылатын бағдарламалық құжаттардың іске асырылу тиімділігін бағалау қорытындыларына да тоқталды.
 
Оның маңыздылығын Мемлекет басшысы бірнеше рет айтқан болатын. «Стратегиялық даму жоспарының кейбір мақсаттары қабылданатын мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларда, министрліктердің стратегиялық жоспарларында көрініс таппайды, сәйкесінше бюджеттік қаржыландырумен бекітілмеген. Бұдан басқа, бағдарламалардың міндеттері мен іс-шаралары көбінше қайталанады, қабылданатын құжаттардың және жекелеген жағдайларда мерзімінен бұрын күшін жоюға қойылған құжаттардың сабақтастығы қамтамасыз етілмейді. Бұл оларды іске асырудан алынатын нақты әсерді айқындауға мүмкіндік бермейді»,- деді ол.
 
Мемлекеттік аудиттің жоғары органының басшысы сонымен қатар квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерінің басқарылуын бағалаудың негізгі нәтижелері туралы айтты.
 
«Квазимемлекеттік сектор субъектілерінен дивидендтер түсімдерінің және аударымдардың өскеніне қарамастан, олардың үлесі алынған кірістердің көлеміне қайта есептегенде жыл сайын төмендеуде. Мәселен, 2015 жылы аударылған дивидендтер мен аударымдардың көлемі таза кіріс көлемінің шамамен 15%-ын құраса, 2017 жылы ол 6%-ға дейін төмендеген», – деп хабарлады Төрайым.
 
Бұдан басқа, квазимемлекеттік сектор субъектілерінде бөлінген қаражатты уақтылы игермеу, оларды қолма-қол ақшаны бақылау шоттарында резервтеу практикасы сақталып отыр.
 
Қорытындылай келе, Наталья Годунова депутаттарды есепті кезеңде Есеп комитеті 21 аудиторлық және сараптамалық-талдау іс-шарасын жүргізгені туралы хабардар етті. 315 объектіде аудитпен қамтылған қаражат 11 трлн. теңгені құрады.
 
Қаржылық бұзушылықтардың сомасы 320 млрд. теңгені құрады, оның ішінде 264 млрд. теңгесі бухгалтерлік есепке алу тәртібін сақтамаумен байланысты. Сомасы 153 млрд. теңгеге - бюджет қаражатын және мемлекет активтерін тиімсіз пайдалану, 230 млрд. теңгеге – тиімсіз жоспарлау, 7 млрд. теңгеге – Қазақстан Республикасы заңнамаларының нормаларын іске асыру үшін қабылданған квазимемлекеттік сектор субъектілері актілерінің бұзушылықтары, 3 535 рәсімдік сипаттағы бұзушылық анықталды.
 
Үкіметке және мемлекеттік органдарға 88 ұсыным мен 335 тапсырма жіберілді, олардың орындау мерзімдері келгендері бойынша орындалуы, тиісінше, 100% және 97%-ды құрады.
 
Аудит нәтижелері бойынша қалпына келтіруге және өтеуге жататын 320 млрд. теңгенің ішінен іс жүзінде мерзімдері келген 277 млрд. теңгесі немесе 86%-ы қалпына келтірілді (өтелді). Әкімшілік жауаптылыққа 149 лауазымды және 45 заңды тұлға, тәртіптік жауаптылыққа 233 лауазымды адам тартылды. Құқық қорғау органдарына 39 аудит материалы жіберілді.

Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі

Фото: Адильбек Тауекелов

Оставить комментарий

 

ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдаулары
ҚР Президентінің Қазақстан
халқына Жолдаулары

Төрағаның Блогi

8 (7172) 70 69 86 - Баспасөз хатшысы

8 (7172) 70 70 62 - Кеңсе

8 (7172) 70 70 51 - Сенім телефоны

   Жаңалықтарды тарату