РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫН БАҚЫЛАУ ЖӨНІНДЕГІ
ЕСЕП КОМИТЕТІ

Жаңалықтар - Баспасөз релиздері

15.06.2018

Бюджет-2017: Парламент Үкімет пен Есеп комитетінің есептерін бекітті

Бүгін Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалық етуімен Палаталардың бірлескен отырысы өтті. Бірлескен отырыста Парламент Үкімет пен Есеп комитетінің 2017 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін талқылап, бекітті.

Күн тәртібіне сәйкес Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қайрат Мәми «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауын баяндады. Конституциялық новеллаларды өмірге енгізу үдерісі үш бағытта тоғыстырылды.

Бұл заңдарды және басқа да құқықтық актілерді қабылдау, яғни жаңартылған Конституцияға қолданыстағы заңнаманы сәйкестендіру, жаңа құқық қолдану практикасын қалыптастыру, қоғамдық сананы, соның ішінде азаматтар мен мемлекеттік қызметкерлердің құқықтық мәдениетін, жаңғырту - деді Қ. Мәми.

Парламент Қ. Мәмидің баяндамасынан кейін ҚР Конституциялық Кеңесінің «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауы назарға алды.

Жиында Үкіметтің және Есеп комитетінің 2017 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері жөнінде Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова баяндама жасады.

Қаржы министрі атап өткендей, 2017 жылға арналған республикалық бюджетті іске асырудың негізгі міндеттері - экономикалық өсу мен әлеуметтік әл-ауқаттың оң динамикасын сақтау, дағдарыстан кейінгі даму үшін жағдай жасауға бағытталған.

Барлық әлеуметтік міндеттемелер мен бюджеттің шығыс бөлігі 99,8% орындалып, 11 трлн. 156 млрд. теңге игерілген.

Экономика 4%-ға өсіп, сыртқы факторларды қоспағанда, ЖІӨ-нің тұрақты өсуі өнеркəсіптің 7,1% -ға жəне қызмет көрсету секторын 2,7% -ға ұлғайтуға ықпал етті. Бюджеттің түсімі 9,7 триллион теңгеге жеткен.

Өз кезегінде Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова ескертулерге назар аударды.

Үкімет бюджеттің шығыс бөлігінің жүз пайыздық өсімін қамтамасыз етті. Бірақ оның сапасы мен тиімділігі әлі де көптеген мәселелерді тудырады.

Сонымен қатар, бюджет Парламентте екі рет нақтыланып, Үкіметте бірнеше рет түзетілді. Проблемалық мәселелерді атап айтқанда, сапалы салықтық басқару және жоспарлау, соның ішінде кіші бизнесті қолдау бағдарламаларын іске асыру, бухгалтерлік есеп жүргізу, квазимемлекеттік секторға бөлінетін қаражаттардың тиімсіздігі.

Н.Годунованың сөзінше, салықтық әкімшілендіру сапасын арттыру үшін салықтық әлеует пен нақты алынған салықтардың арасындағы айырмашылықты білдіретін «салықтық айырмашылық» ұғымымен бюджеттік заңнаманы толықтыру қажет.

Бірлескен отырыста қосымша баяндаманы Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Альберт Рау, Сенаттан – Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Ерболат Мұқаев жасады. Осы тақырыпта одан әрі сенаторлар М.Бортник, Д.Мусин, Н.Төреғалиев, Д.Құсдаулетов, Н.Қылышбаев, Мәжіліс депутаттарынан К.Жабағиев, М.Чирков, Ж.Нұрманбетова, Н.Сабильянов, Д.Еспаева сөйледі. Сондай-ақ сенаторлар Е.Мамытбеков, А.Бектаев, М.Бақтиярұлы, А.Мұсаханов, Мәжіліс депутаттары А.Жамалов, Г.Қарақұсова, В.Косарев, А.Перуашев пікір білдірді.

Қорытындысы бойынша Парламент Есеп комитеті мен Үкіметтің кірістері - 9 691 789 143 мың теңге, шығыстары - 10 677 506 431 мың теңгені құрайтын 2017 жылға арналған республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітті.

Палаталардың бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев депутаттарға бірлескен жұмыс үшін алғысын білдірді.

Сонымен қатар, депутаттар бүгінгі Парламенттің бірлескен отырысында Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілерін Біріккен Ұлттар Ұйымының миссияларына қатысу үшін жіберу туралы ұсыныстарын қолдады.

Мәжіліс Аппаратының Баспасөз қызметі

Оставить комментарий

 

ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдаулары
ҚР Президентінің Қазақстан
халқына Жолдаулары

Төрағаның Блогi

8 (7172) 70 69 86 - Баспасөз хатшысы

8 (7172) 70 70 62 - Кеңсе

8 (7172) 70 70 22 - Сенім телефоны

   Жаңалықтарды тарату