РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫН БАҚЫЛАУ ЖӨНІНДЕГІ
ЕСЕП КОМИТЕТІ

БАҚ Есеп комитеті туралы

12.06.2018

Бюджет қаржысы бақылаудан тыс қалған, Заң газеті

Тиімсіз игерілген бюджет қаражатының көлемі жылдан жылға артып барады. Мәселен, 2015 жылы 59 млрд. Теңге дұрыс пайдаланылмаған болса, былтыр оның деңгейі 508 млрд. Теңгеге жеткен. Бұл жөнінде кешегі аптаның сәрсенбісінде Палата спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында айтылды.

Онда 2017 жылғы Республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Үкімет пен Есеп комитетінің есептері қаралған болатын. Депутаттар алдында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунова баяндама жасады.

Жалпы, бюджет қаржысының игерілуі өте жақсы. Өзге де көрсеткіштердің орындалысы межеге сай. Мәселен, бюджеттің кіріс бөлігі жоспардағыдан 82 млрд теңгеге асып түсіпті.

Бірақ, мұның бәрі жағдайдың сыртқы көрінісі ғана екен. Нақты жағдайдың бұл көрсеткіштерге сай болуы былай тұрсын, көп мәселеде мүлде кереғар болып шықты. Мысалы, бюджет кірісінің былтырғыдан 25 пайызға артып, жоспардың 100,9 пайызға орындалуына болашақта өндірілуге тиіс салықтардың есебінен қол жеткізіліпті. Бұл көрсеткіш, отырыста депутат Татьяна Яковлевна айтқандай, ешқандай да отандық өндірісті өркендету, салықты әкімшілендіру, салық төлеушілерді ынталандыру шараларының нәтижесі емес. Бар болғаны, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин мысалға келтіргендей, диқанның келесі жылы егетін егіннен алатын өніміне салынған салық. Ал, оның қашан қайтарылатыны белгісіз.

Осылайша, кәсіпорындар мен шаруашылықтардың ырғақты жұмыс істеуі үшін қажетті қаржы енді үш­төрт ай бойы кәдеге жарамай жатып қалуы мүмкін.

Есеп комитетінің мәліметінше, бюджеттік бағдарламалар қаржысына былтыр 25 рет түзету жасалған. Онда бір бағдарламаның қаржысы екіншісіне тартылып, стратегиялық бағдарламалар, негізгі индикаторлар бойынша бірнеше рет қайта бөлінген.

Нұрлан Зайроллаұлының айтуынша, уақытында Үкіметтің ұсынысы бойынша бюджетті жедел әрі икемді басқару үшін оған түзету енгізу шарасы заңдастырылған.

Соның негізінде бағдарлама әкімшісі қаржысының он пайызын Үкімет дербес түрде маңызды мәселелер бойынша қайта бөлу құзыретіне ие болыпты. Мұның салдары нақты нәтижеге, қаржының тиімді жұмсалуына кері ықпал етуде. Үкімет өзі айқындаған индикаторлардың 40 пайызға жуығының орындалмауы соның салдары.

Жиында сөз алған Палатаның Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарағұсова халықтың өмір сапасын арттыру мақсатында атқарушы билік айқындаған индикаторлар күнделікті тұрмыстан байқалмайтынын қынжыла жеткізді. Аталмыш индикаторлардың бүгінде 69 пайызы ғана орындалыпты.

Жалпы, сенатордың сөзіне сүйенсек, өзге елдердің тәжірибесі негізінде белгіленген индикаторлар Қазақстанның ішкі мүмкіндіктеріне сай емес. Бюджеттің атқарылуында орын алып отырған олқылықтардың бірден бір себебі осы - жаяудың аттылыға еруі болып отыр.

Мәжілістің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов болса индустриалдық аймақтарды дамыту үшін бөлінген қаржының тиімсіз игеріліп жатқанына назар аудартты.

Оның айтуынша, бірнеше жыл бұрын индустриалды аймақтарды дамытуға 61 млрд теңге бөлінген. Оларға тек 2017 жылдың өзінде 5 млрд теңге бағытталған. Алайда, Қаржы министрлігінің деректері 2017 жылы 20 индустриалды аймақтағы 227 кәсіпкерлік субъектісінің 34 пайызы жеке табыс салығын, 56 пайызы корпоративтік табыс салығын өтемегенін көрсетіп отыр. Бұл оларда жұмыс орындары ашылмады деген сөз.

Арнайы экономикалық аймақтарда да осындай жағдай. Оларды құруға уақытында 350 млрд теңгеден артық қаржы жұмсалыпты. Тек қана 2017 жылы экономикалық аймақтарға қосылған құн салығы бойынша бюджет шығындары мен жеңілдіктер 325 млрд теңгеге жеткен. Алайда, олардан бюджетке түскен жеке табыс салығы бар-жоғы 4 млрд, ал, корпоративтік табыс салығы 6 млрд теңге ғана. Оған қатысқан 500-ге жуық кәсіпкердің 31 пайызы жеке табыс салығын, 68 пайызы корпоративтік табыс салығын төлемеген. Бұл индустриалды аймақты дамытуға бағытталған бюджет қаражатының бақылаудан тыс қалғанын көрсетеді.

Сонымен қатар, жол картасы бойынша 47 млрд теңгені еншілеген кәсіпкерлердің жұмыс тиімділігі де назардан тыс қалған. Өкінішке қарай, бұл ретте делдалдарға және саудамен айналысушыларға қаржылай көмек көрсету әлі де жалғасуда.

Осы жайларды баяндай келе, депутат тек тауар өндірушілерге ғана қаржылай көмек көрсетілуі керектігін, сонда ғана бюджет кірісі артатынын алға тартты. Оның айтуынша, шұғыл түрде қаражатты мемлекеттік басқарудың сапасын жақсарту керек.

Әлеуметтік салада да белгіленген мақсаттарға қол жетпеген. Бұл мәселеге депутат Әбдіманап Бектұрғанов кеңінен тоқталды. Оның сөзінше, еліміздегі 319 проблемалық мектептің мәселесін шешу үшін 3 жыл қатарынан Ұлттық қор мен республикалық бюджеттен 188 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Бірақ, күні бүгінге дейін 127 үш ауысымды және 45 апатты мектеп жұмыс істеп жатыр.

Пәндерді ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдерді дайындау барысы да алаңдатады. Бұл шараға да қыруар қаржы жұмсалғанына қарамастан, қажет маманның тек 2 пайызы, яғни, 705 педагог дайындалыпты. Дайындалуға тиіс 1300 маман болатын. Бектұрғанов мырза мұның өзі белгіленген төрт пәнді ағылшын тілінде оқытуға жетпейтінін, ал, депутаттардың мұндай мамандарды магистратурада дайындау жөніндегі ұсынысының қолдау таппағанын тілге тиек етті.

Депутат, сонымен қатар, денсаулық сақтау, халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша айқындалған индикаторлардың орындалмағанын ортаға салды. Оның айтуынша, бюджет қаражатының тиімсіз игерілуінің бірден-бір себебі құзырлы орындар арасындағы өзара байланыстың, үйлесімді жұмыстың жолға қойылмауында жатса керек.

Оставить комментарий

 

ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдаулары
ҚР Президентінің Қазақстан
халқына Жолдаулары

Төрағаның Блогi

8 (7172) 70 69 86 - Баспасөз хатшысы

8 (7172) 70 70 62 - Кеңсе

8 (7172) 70 70 22 - Сенім телефоны

   Жаңалықтарды тарату