РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫН БАҚЫЛАУ ЖӨНІНДЕГІ
ЕСЕП КОМИТЕТІ

БАҚ Есеп комитеті туралы

16.06.2018

Барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалады, "Айқын" газеті

Қазақстан сардарларын БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына аттандыратын болды. Кеше Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысында депутаттар Қазақстан Президенті – Жоғарғы бас қолбасшының бұл ұсынысына толықтай қолдау білдіріп, арнайы қаулы қабылдады. Осы жиында қос палата Үкімет пен Есеп комитетінің 2017 жылғы бюджеттің атқарылуы туралы есептерін де құптады.

Нұрлан Нығматулиннің төра­ға­лы­­ғымен өткен бірлескен отырыста бюджеттің орындалуына қатысты Қаржы министрі Б.Сұлтанов пен Есеп комитетінің төрайымы Н.Годунова баяндама жасады. Коми­тет басшысының байламынша, Үкімет бюджеттің шығыс бөлігінің толықтай дерлік, яғни 99,8 пайызға игерілуін қамтамасыз еткен. Бірақ бюджетті атқарудың сапасы мен тиімділігі бұрынғыдай көптеген сұрақтар туындатуда. 2017 жылғы республикалық бюджет Парламент арқылы екі рет нақтыланған, артын­ша Үкімет қаулысымен 25 рет түзетілген. Түйінді мәселелердің қатарында салықтық әкімшілендіру мен жоспарлаудағы, бухгалтерлік есепті жүргізудегі сапасыздық, квази­мем­лекеттік секторға бағытталатын қаражаттардың тиімсіздігі аталды.

Сенат атынан қосымша баяндама жасаған палатаның Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Ербо­лат Мұқаев 2017 жылғы бюджет 2016 жылмен салыстырғанда табысты болғанын, игерілмеген сома 2016 жылғы 36 млрд теңгеден былтыр 15 млрд теңгеге дейін қысқарғанын тілге тиек етті.

– Сонымен бірге, бюджеттің кіріс бөлігінің атқарылуы, қарыз­­дың ұлғаюы, өңірлердің транс­ферт­терге тәуелді болуы және бюд­­жет қаражатын пайдаланудың тиімділігі сияқты мәселелерге назар аударғым келеді. 2017 жылы салық түсімдерінің үлесі 50 пайызға дейін азай­ғандықтан, бюджет кірісін то­лық­тыру үшін Ұлттық қордан бөлі­нетін трансферттердің үлесі 45,5 пайыз­ға дейін өсті. Қалыптасқан жағдай бюджеттің кіріс бөлігі мен салық түсімдерінің ықтимал құры­лымы бойынша Үкіметте анық түсініктің жоқтығын және тиісін­ше осы мәселені іске асыру жөнін­дегі тұжырымды көзқарастың бол­май отырғанын көрсетеді, – деді Е.Мұқаев.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы экономиканың шикізатқа тәуелділігінен құтылуға әлденеше рет шақырғанына қарамастан, бюджетті толықтырудың негізгі көзі әлі де энергиялық ресурстар болып қалуда. Мәселен, 2016 жылы шоғырландырылған бюджетке шикізаттық емес сектордан түскен түсімдердің өсімі 40 пайыздан асқан, ал 2017 жылы оның өсім қарқыны 2,6 пайызға дейін төмендеген. Сондық­тан Үкіметке орта мерзімді саясатты қалыптастыру аясында мұнай кірістеріне тәуелділікті төмендетуге бағытталған фискалдық шоғырландыру бойынша шаралар қолдануға кеңес берілді. Бұл үшін ең алдымен, салық әлеуетін дамыту, мұнайлы емес секторлардан түсетін кірістердің өсуін ынталандыру қажет.

Депутаттар борышты бақылау­ды өте маңызды деп атады. Депутаттарды Үкіметтің борышы мен ірі квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыртқы борышы сомасының тұрақты өсу үрдісі алаңдатады. Ол 55,5 млрд доллардан асып, Ұлттық қордың валюталық активтерінің 96,2 пайызын құраған. Борыштың іс жүзіндегі деңгейі шекті мәнге жеткендіктен елдің қаржылық тұрақсыздығына қатысты елеулі қауіп келтіруі мүмкін дейді олар.

Қаржы министрі Бақыт Сұл­та­нов­­тың айтуынша, былтыр бюд­жеттің кірістері 9,7 трлн теңге­ге жетті. Рас, оның 48 пайызы трансферттер үлесінде.

– Бюджет кірістерінің әлі де болса Ұлттық қордан алынатын трансферттер мен шикізат секто­ры­­на тәуелділігі, салықтық әкімші­лен­ді­рудегі біраз кемшіліктер туралы айтқан ескертулеріңіз орынды. Өткен жылы қабылданған жаңа Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді жетілдіру арқылы бизнестің тұрақ­ты дамуына, инвестицияларды ынта­ландыруға және елдің бәсекеге қабі­лет­т­ілігін арттыруға бағытталған, – деді бас қаржыгер.

Биыл кәсіпкерлердің қызмет­те­ріне араласпау және бизнес про­цес­­терді цифрландыру есебінен салық­тарды жинауды ұлғайту жос­пар­лануда. Олардың көлемі осы жылы ЖІӨ-ге шаққанда 17 пайызға жеткізіледі. Әрі қарай 2025 жылға дейін 25 пайызға дейін көтеру шаралары қабылданбақ. Нәти­жесінде, бір жағынан салық­тардың ішіндегі шағын және орта бизнестен түсетін кірістердің үлесі ұлғайтылады, екінші жағынан «бюд­жеттің мұнай және басқа да шикізат секторларына тәуелділігі төмендейді.

– 2017 жылдың бюджеттік шы­ғыс­тары 99,8 пайызға немесе 11 трлн 156 млрд теңгеге игерілді. Барлық әлеуметтік міндеттемелер орындалды. Былтыр 5 млн 86 мың адамға бюджеттен зейнетақы мен жәрдемақы төленді. Оған 1,9 трлн теңге жұмсалды. Ана мен балаға жәр­дем көрсету әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының бірі. Бала тууы­на байланысты берілетін жәр­дем­ақыға 35,2 млрд теңге қаражат бөлі­ніп, 392,7 мың адамға төленді. Ал табысы аз отбасылардың 18 жасқа дейінгі балаларына берілетін жәрдемақымен 539,6 мың бала қамтылды, – деді қаржы министрі.

Ол бюджет қаражатын игеруде жібе­рілген кемшіліктердің жыл­дан жылға қайталанатынын мойын­да­ды. «Алдымыздағы басты мақсат – мемлекеттік органдармен бірлесіп, осы кемшіліктерді азайту үшін жұмыс атқару. Бірқатар шараларды біз былтыр бастадық. Мәселен, мемлекеттік сатып алу мен оның рәсімдерін камералды бақылау толығымен автоматтандырылды. Бірақ бұл салада әлі де болса көкейкесті мәселелер бар. Оларды шешу үшін тиісті заң жобасы әзірленіп, Парламент қарауына енгізілді. Құжаттың мақсаты – сатып алу рәсімдерін жеңілдету, сапасын жоғарылату және жауапкершілікті күшейту» деді Б.Сұлтанов.

Оның дерегінше, ұлттық компа­ния­­лар қарыздарын қоспағанда, Үкіметтің өзі алған мемлекеттік борыш ЖІӨ-ге шаққанда 26 пайызды құрады.

Дүниежүзілік экономикалық форумның соңғы есебі бойынша Қазақ­­стан «Мемлекеттік борыш» көр­сет­кішінде 137 мемлекеттің арасында 11 орынды иеленді. Алдыңғы жылмен салыстырғанда рейтинг 6 сатыға жақсарды. Қарыз алуда валюталық тәуелділікті болдырмау үшін бюджет тап­шылығын қаржыландыру сая­са­ты ұлттық валюта мен ішкі ресурс­тарға бағытталатын болады. Квази­мемлекеттік сектордың да сыртқы борышы бақылауға алынды. Биылдан бастап олардың борышын мониторингтеуді Қаржы министрлігі жүзеге асырады, – деп түйді министр Б.Сұлтанов.

Үкіметтің 2017 жылғы жұмыс қорытындыларына тоқталсақ, бір жылда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдар­ла­масы бойынша 100,8 мыңнан астам отбасы, оның ішінде тікелей мем­лекеттік инвестициялар есебі­нен 25,2 мың отбасы өздерінің баспана жағдайларын жақсартыпты. Жыл қорытындысы бойынша ел тарихында рекорд орнатылып, 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2016 жылғы деңгейден 6,2 пайызға артық.

2018 жылы осы бағдарлама аясында мемлекеттік инвестициялар есебінен 1,5 млн шаршы метр жаңа тұрғын үйді ел игілігіне тапсыру жоспарлануда. Қазір тұрғын үй құры­­лысында мемлекеттік емес қара­жаттар үлесі басым – оларға 84% тиесілі. Яғни, 1 бюджет теңгесіне шақ­қанда 5,4 теңге жеке инвестиция құйылады.

Тағы бір жетістігі сол, ауыл шаруашылығы өнімдері мен оны өңдеу өнімдерінің экспорты 10 пайызға артқан. Қазақ ауылы әлемдегі біраз елді асырауда. Өткен жылы Елбасы тапсырмаларын орындау мақсатында мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін арттыру бойынша жұмыстар жүргі­зіл­ді. 65 субсидия түрі қайта қаралып, тиімсіз 11-і алып тасталды, 40 түрі бойынша критерийлер өзгертілді. Өсімдік шаруашылығында егіс алқаптарының құрылымын әртарап­тан­дыру жалғасты. Қажеттілігі мол дақылдық алқаптар 694 мың гектарға кеңейтілді. Егістіктердегі элиталық тұқымдар үлесі 1,5 есеге артты. Минерал тыңайтқыштарды пайда­­лану үштен бірге өсті. Осы шара­лар­дың арқасында астық сапасы 20 пайызға жақсарған, ал бидайдың қатты сорттарының экспорты 2,5 пайызға өсті.

Үкімет пен Есеп комитетінің есептерін қос палата да мақұлдаған­нан кейін Премьер-министр Бақыт­жан Сағынтаев сөз алып, парла­­ментшілерге бірге жұмыс жаса­ған­дары үшін алғы­сын білдірді. Ол айтыл­ған сын-ескерт­пелер назарға алы­нып, оларды шешу жолдары қарас­тырылатынын айта келе, депу­тат­тық корпуспен ары қарай ынты­мақ­тасуға ынта-ықы­ласын жеткізді.

Осы бірлескен отырыста Парла­мент Елбасы – Жоғарғы бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ миссияларына қазақстандық бітімгершілерді жолдау туралы ұсынысын қолдады. Президенттің ұсынысын Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақов оқып берді.

«2014 жылдан бастап, қазіргі уақытқа дейін қазақстандық 11 офи­цер 12 ай бойы Батыс Сахарада және Кот-д’Ивуарда БҰҰ-ның бітімгершілік миссияларына әске­ри байқаушылар ретінде қатысты. Ал контингенттің ауқымды қысқар­ты­луына және БҰҰ сұрауының болма­уына байланысты бұрын Қазақстан Парламенті мақұлдаған Гаити мен Либериядағы тағы 2 миссияға жіберу жүргізілмеді. Кот-д’Ивуардағы ахуалдың тұрақтануына байланысты осы елдегі БҰҰ-ның миссияларына әскери байқаушылар бұдан ары қарай жіберілмейді» делінген онда.

Сонымен бірге, қазіргі уақытта Батыс Сахарада БҰҰ миссиясы қатарында Қазақстанның 5 әскери қызметшісі қызмет өткеруде. БҰҰ осы миссиясында басшылық лауа­зым­дарға тағайындалған қазақ­стан­дықтар да бар екен.

«БҰҰ әскери қызметшілеріміздің даярлық деңгейіне жоғары баға берді және олар санының артуына мүдделілік танытуда. Осыған байла­н­ысты әскери байқаушылар мен штабтық офицерлердің, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің офицерлерінің БҰҰ-ның миссияларына қатысу географиясын кеңейту ұсынылады. Бұл БҰҰ-ның бітімгершілік операциясы жүріп жатқан аумақтағы қауіпсіздіктің ағымдағы ахуалы туралы ауқым­ды ақпаратқа иелік етуге және ол ақпаратты контингент құрамында миссияның одан ары қатысуы жөнінде ұстаным түзу үшін пайда­ла­ну­­ға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, миссияда болу нәтижесінде алынған тәжірибе мен жұмыс дағдылары Қарулы күштерімізде ендіріледі, олар оқу бағдарламалары мен білім беру процесінде қолданылады, командалық және штабтық лауызым­дарға тағайындау кезінде ескеріледі» деп дәйектеді Президент.

Сонымен, Елбасының бірне­ше құрлыққа әскерилерімізді жолдау туралы идеясы депутаттар тарапынан қолдау тапты. Сардар­ларымыз – 40 әскери байқаушы және штабтық офицер Таяу Шығысқа, Кипрге, Үндістан мен Пәкістанға, Ливанға және Батыс Сахараға аттанады.

Елбасының екінші ұсынысы Ливандағы жағдайға қатысты болды: біздің Қарулы күштердің 120-ға дейінгі әскери қызметшісі бітімгер ретінде Үндістанның қарулы күштерінің бөлімшелері құрамында болады және Ливандағы «БҰҰ-ның Уақытша күштері» миссиясына қатысады. Жоғарғы Бас қолбасшының бұл ұсынысы да қолдауға ие болды.

Оставить комментарий

 

ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдаулары
ҚР Президентінің Қазақстан
халқына Жолдаулары

Төрағаның Блогi

8 (7172) 70 69 86 - Баспасөз хатшысы

8 (7172) 70 70 62 - Кеңсе

8 (7172) 70 70 22 - Сенім телефоны

   Жаңалықтарды тарату