РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫН БАҚЫЛАУ ЖӨНІНДЕГІ
ЕСЕП КОМИТЕТІ

Жаңалықтар - Баспасөз релиздері

02.08.2018

2018 жылғы 2 тамызда Есеп комитетінің кезекті отырысы өтті

Есеп комитетінің отырысында Ақтөбе облысына бөлінген республикалық бюджет қаражатының пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы шығарылды.

Ақтөбе облысы Қазақстанның индустриясы дамыған өңірі болып табылатыны аталып өтті. Өнеркәсіп өндірісінің, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі ұлғайтылып, жұмыссыздықты азайту, халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, халықтың өмір сүруі үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша шаралар қабылдануда.

2016 жылмен салыстырғанда 2017 жылы облыстың жалпы өңірлік өнімі 5,6%-ға өсіп, 2 305,4 млрд. теңге деңгейінде қалыптасты, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 175,7 мың шаршы метргеұлғайып, 792,3 мың шаршы метрді құраған.

2016 жылы республикалық бюджет қаражаты есебінен Қарғалы ауылында және Ақтөбе қ. «Батыс-2»шағын ауданында жалпы құны 1 172,3 млн. теңгеге 640 орынға арналған 2 балабақша пайдалануға берілген, бұл мектепке дейінгі ұйымдардағы орын тапшылығын қысқартуға мүмкіндік берді. Үш ауысымды оқыту және авариялық мектептерді пайдалану проблемаларын шешу мақсатында 2016-2017 жылдары Ұлттық қордың және жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен жалпы білім беретін 16 мекеме салынған. 

Сонымен қатар, облыс бюджетінің кіріс бөлігінің республикалық бюджеттен түсетін түсімдерге тәуелділігі аталып өтті. 2016 жылы өңір кірістерінің жалпы құрылымындағы олардың үлесі 47,0%-ды, 2017 жылы – 51,3%-ды құрады.

Бұдан басқа, мемлекеттік аудиттің қорытындысы бойынша республикалық бюджет трансферттерін пайдалану кезінде өңірдің жергілікті атқарушы органдары жол берген жекелеген бұзушылықтар мен кемшіліктер, қаржы тәртібін, бюджет және өзге де заңнаманың талаптарын сақтамау фактілері анықталды, бұлар іске асырылып жатқан бюджеттік бағдарламалардың нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізбеуге әкеп соқтырған.
Автомобиль жолдары басқармасы 2016-2017 жылдары бірқатар жобаларды іске асыру кезінде бюджет заңнамасын және «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңның талаптарын сақтамау фактілеріне жол берген.

Мердігер ұйымның жұмыс көлемдерін орындамағанына немесе сапасыз орындағанына қарамастан, 2016 жылғы қыркүйекте «Шұбарқұдық-Ойыл-Қобда-Соль-Илецк» автомобиль жолының 267-307 учаскесін реконструкциялау» объектісі қабылданған. Бұл ретте жалпы сомасы 70,3 млн. теңгеге жұмыстар бекітілген ЖСҚ бұзыла отырып жүргізілген.

11 жобаны іске асыру кезінде жалпы сомасы 375,5 млн. теңгеге құрылыс-монтаждау жұмыстарының орындалмаған, сондай-ақ сапасыз орындалған көлеміне ақы төлеу фактілеріне жол берілген.

Жалпы сомасы 2 147,7 млн. теңгеге мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарына хабарлаусыз 6 бюджеттік инвестициялық жоба, құрылыстың нормативтік мерзімдерін 1-ден 9 айға дейін бұзумен 9 жоба жүзеге асырылған. 

2016 жылы басталған Ақтөбе қаласында 300 төсек-орынға арналған облыстық туберкулезге қарсы диспансердің құрылысы 2017 жылғы ақпаннан бастап тоқтатылған. Алайда, осыған қарамастан облыстың Құрылыс басқармасы 2017 жылғы сәуірде мердігер ұйымға сомасы  1 115,5 млн. теңгеге аванстық төлем аударған.

1998-2017 жылдары республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен жалпы сомасы 19,5 млрд. теңгеге салынған магистральдық, қалаішілік және кенттік газ құбыры желілері қазіргі уақытқа дейін пайдаланушы компаниялардың балансына берілмеген.

Есеп комитеті мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша жалпы сомасы 468 млн. теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықтады, оның ішінде мемлекеттік аудит барысында 304,3 млн. теңге өтелді және қалпына келтірілді. Есеп комитетінің алдыңғы аудитінің барысында анықталған ұқсас бұзушылықтар сомасымен салыстырғанда қаржылық бұзушылықтар сомасы 34 есе қысқарғаны атап өтілді.

Бұдан басқа, сомасы 1 119 млн. теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, 15 млн. теңгеге – тиімсіз жоспарлау фактілері және 174 рәсімдік бұзушылық анықталды.

Есеп комитеті отырысының қорытындысы бойынша Үкіметке ұсынымдар берілді. Ақтөбе облысының әкімдігіне анықталған бұзушылықтарды жою, бюджет және өзге заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген лауазымды адамдардың жауаптылығын қарау бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға процестік шешімдер қабылдау үшін мемлекеттік аудиттің 14 материалы жолданды.
 
Есеп комитетінің баспасөз қызметі

Оставить комментарий

 

ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдаулары
ҚР Президентінің Қазақстан
халқына Жолдаулары

Төрағаның Блогi

8 (7172) 70 69 86 - Баспасөз хатшысы

8 (7172) 70 70 62 - Кеңсе

8 (7172) 70 70 51 - Сенім телефоны

   Жаңалықтарды тарату