РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫН БАҚЫЛАУ ЖӨНІНДЕГІ
ЕСЕП КОМИТЕТІ

Жаңалықтар - Баспасөз релиздері

07.09.2018

2018 жылғы 7 қыркүйекте Есеп комитетінің кезекті отырысы өтті

Есеп комитетінің отырысында Атырау облысына бөлінген республикалық бюджет қаражатының пайдаланылуына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары шығарылды.

Атырау облысы Қазақстанның неғұрлым серпінді дамып жатқан өңірлерінің бірі болып табылатыны аталып өтті. Облыс халықтың жан басына шыққанда жалпы өңірлік өнім көлемі, өнеркәсіптік өндірістің дамуы, шетелдік инвестицияларды  тарту көрсеткіштері бойынша жетекші позицияларды алады. Басты донор өңірлердің бірі бола отырып, республикалық бюджетке елеулі үлесін қосып отыр. 2016-2017 жылдардың қорытындысы бойынша республикада  облыс жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ) көлемі бойынша – 2-орын, халықтық жан басына шыққандағы ЖӨӨ бойынша - 1-орын алды.

Сонымен қатар, республикалық бюджет қаражатын пайдалану кезінде жоспарланған іс-шаралардың іске асырылу сапасы мен тиімділігіне теріс әсер еткен бірқатар кемшіліктер мен бұзушылықтарға жол берілген.

Өңір бюджетінің шикізат салаларына едәуір тәуелділігі сақталып отыр, бұл бюджеттің кіріс бөлігінің тұрақтылығына теріс әсер етеді. Мысалы, 2013 жылмен салыстырғанда 2017 жылы 6 ірі өнеркәсіптік компанияның жергілікті бюджет түсімдеріне үлесі - 40,5% - дан 59% -ға дейін, республикалық бюджет түсімдеріне үлесі – 66,8% - дан 86,6%-ға дейін, Ұлттық қор түсімдеріне үлесі – 93% - дан 97% - ға дейін өсті.

Бюджет заңнамасын және «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңды сақтамау фактілеріне жол берілген.       

Атап айтқанда, бірқатар инвестициялық жобаларды іске асыру сомасы  6,2 млрд.теңгеге тиісті экономикалық қорытындыларсыз және сомасы  1,8 млрд.теңгеге жергілікті бюджеттен қоса қаржыландырусыз басталған.

Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым, білім және коммуналдық тұрғын үй объектілерін салу кезінде құрылыстың нормативтік мерзімдері бірқатар жағдайларда сақталмаған. Атырау қаласының Береке шағын ауданында тұрғын үй салу бойынша жобалау-сметалық құжаттаманың сапасыз әзірленуі құны 1,2 млрд.теңгені құрайтын үш тұрғын үйді тапсыру мерзімінің жарты жылға бұзылуына әкеліп соққан.

Өңірде медициналық кадрлар тапшылығының өсуі байқалады, бұл халыққа тегін көрсетілетін медициналық көмек сапасының және қолжетімділігінің төмендеуіне әкеледі. Атырау қалалық №1 емханасында, желдету жүйесі жұмыс істемейді, дәрілік заттарды сақтайтын жерлерде талап етілетін температуралық режим сақталмайды, жекелеген үй-жайлар мен кабинеттер санитариялық нормалар мен өртке қарсы қауіпсіздік талаптарына сай келмейді, мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін қажетті жағдайлар жасалмаған.

Қолданыстағы заңнамада көзделген субсидиялау шарттарын бұза отырып, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің 40 млн. теңге сомасындағы шығыстарының бір бөлігін өтеу фактілеріне жол берілген.

Мемлекеттік аудит қорытындылары бойынша Есеп комитеті жалпы сомасы 498,2 млн. теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықтады, оның ішінде 379,1 млн. теңге немесе 76%-ы бухгалтерлік есепті жүргізу тәртібіне байланысты. Бұл ретте мемлекеттік аудит барысында 467,9 млн. теңге немесе 93%-ы өтелді және қалпына келтірілді. Сонымен қатар, сомасы 917,6 млн. теңгеге бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау, 18,8 млн. теңгеге тиімсіз пайдалану фактілері және 108 рәсімдік бұзушылық анықталған.

Есеп комитеті отырысының қорытындысы бойынша Атырау облысы әкімдігіне анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді, оларға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманың бұзылуына жол берген лауазымды адамдардың жауаптылығын қарау бойынша тапсырмалар берілді.

Мемлекеттік аудиттің жекелеген материалдары құқық қорғау органдарына жіберілетін болады. 16 бұзушылық фактілері бойынша мемлекеттік аудит материалдары әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға процестік шешімдер қабылдау үшін жіберілді.
 
 Есеп комитетінің баспасөз қызметі
 

Оставить комментарий

 

ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдаулары
ҚР Президентінің Қазақстан
халқына Жолдаулары

Төрағаның Блогi

8 (7172) 70 69 86 - Баспасөз хатшысы

8 (7172) 70 70 62 - Кеңсе

8 (7172) 70 70 51 - Сенім телефоны

   Жаңалықтарды тарату