РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТТІҢ АТҚАРЫЛУЫН БАҚЫЛАУ ЖӨНІНДЕГІ
ЕСЕП КОМИТЕТІ

Жаңалықтар - Баспасөз релиздері

22.11.2018

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің 2014 – 2018 жылдарға арналған стратегиялық жоспарының және Қазақстан Республикасында көрсетілетін қызметтер саласын дамыту жөніндегі 2020 жылға дейінгі бағдарламаның іске асырылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы шығарылды.

Министрліктің мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру шеңберінде стратегиялық жоспарлау жүйесін жетілдіру, сауда қызметін реттеу, жеке кәсіпкерлікті қаржылық және қаржылай емес қолдауды қамтамасыз ету бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатқандығы атап өтілді.

 «ҚАЗСТАТ» жобасы аясында ұлттық статистика жүйесін жетілдіру бойынша шаралар іске асырылып, ақпараттық жүйелер және оларды онлайн жіберу арқылы ауқымды деректерді өңдеудің оң үрдісі байқалады.  Көрсетілетін қызметтер саласын дамыту жөніндегі 2020 жылға дейінгі бағдарламаны іске асыру нәтижесінде бүгінгі күні оның ЖІӨ-дегі үлесі 57,5%-ға жеткен. Бизнес кедергілерін қысқарту бойынша қабылданған шаралардың арқасында 2017 жылы Қазақстан Дүниежүзілік банктің «Doing Business» халықаралық рейтингінде 190 елдің ішінде 28 орынға ие болды.

 Сонымен қатар, мемлекеттік аудит жүргізу барысында Министрліктің стратегиялық жоспарларын жоспарлау және орындау кезінде жол берілген жекелеген кемшіліктер мен бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, стратегиялық жоспарларда Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің жоғары тұрған құжаттарының кейбір мақсаттары көрсетілмеген; стратегиялық жоспарлаудың нәтижеге бағдарланған бюджеттеумен өзара байланысы толық көлемде қамтамасыз етілмеген. 2014 жылы қабылданған Қазақстан Республикасында көрсетілетін қызметтер саласын дамыту жөніндегі 2020 жылға дейінгі бағдарламаның іске асырылу тиімділігі 71%-ды құрады. Бағдарламаның бірқатар іс-шаралары мен көрсеткіштері орындалмағанымен, олар басқа бағдарламалық құжаттарға ауыстырылмастан, ағымдағы жылы Бағдарлама күшін жоюға қойылған.

Әлемдік экономиканың теріс факторларын ескере отырып, 2015-2017 жылдары шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға 166 млрд. теңге мөлшерінде бөлінген қаражат тек тұрақтандыратын ықпал көрсеткен, соның нәтижесінде елдің ЖІӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі бұрынғы деңгейде сақталған.

Тариф белгілеу және газбен жабдықтау қызметтерін ретттеу саласында бірқатар бұзушылықтар анықталды. Инвестициялық бағдарламаларды орындамау және газбен жабдықтау қызметтері бойынша тарифтік сметаларды сақтамау нәтижесінде табиғи монополиялар субъектілері жалпы сомасы 10 млрд. теңгеден астам үстеме пайда және қосымша табыс алған.

Сондай-ақ аудит кезінде әуежай қызметтерін реттеу саласындағы тарифтерді қалыптастыру үшін қолданылатын шығыстардың үлгілік нормаларын белгілеу мәселерінде олқылықтар атап өтілді. Астана қ. әуежайы көрсететін қызметтердің тарифін жалпы сомасы
3,2 млн. теңгеге жоғарылату анықталды.

Бұдан басқа, тұтынушылардың құқықтарын, соның ішінде электрондық сауда саласындағы құқықтарын қорғау мәселелерін реттейтін нормативтік актілерде жекелеген олқылықтар анықталды.

 «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ арқылы инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде бірқатар бұзушылықтарға жол берілген. Аудит кезінде жобалардың қаржы-экономикалық негіздемелерінің көрсеткіштеріне қол жеткізбеу, сатып алынған жабдықтың бос тұруы, оны сақтау режимінің, жұмыс кестелерінің бұзылу фактілері, сапалы орындалмаған жұмыстар көлемі және объектілердің пайдалануға уақтылы берілмеуі анықталды.

Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялау, жекелеген деректерді жіберу мен алудың толықтығы сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлігінде «е-Статистика» ақпараттық жүйесінің дамуының жеткіліксіздігі атап көрсетілді. Статистикалық деректердің жергілікті атқарушы органдармен алшақтықтары анықталды.      

«KAZSTAT» жобасында 750,0 млн. теңге сомасына көзделген нәтижелерге қол жеткізілмеген.  Атап айтқанда, «Жеке сауал қоюдың компьютерлендірілген жүйесі» жұмыс істемейді және телефонмен сауалдар қою арқылы ақпарат жинаудың жаңа әдісі енгізілмеген.

Мемлекеттік аудиттің қорытындылары бойынша Есеп комитеті қызметтер көрсету саласындағы зерттеулердің сапалы орындалмауы және құрылыс қызметі туралы заңнаманың сақталмауы бойынша сомасы 963,5 млн. теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықтады.Бұл ретте  мемлекеттік аудит барысында 333,5 млн. теңге өтелді және қалпына келтірілді.

Сондай-ақ, сомасы 208 551,2 млн. теңге бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану, сондай-ақ сомасы 6 162,6 млн. теңгеге бюджеттік өтінімдерді сапасыз жасау фактілері анықталды.  Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін зерттеулер жүргізуге арналған пайдалану кезінде жол берілген бұзушылықтар сомасы 835,6 млн. теңгені құрады. Бұдан басқа, 146 рәсімдік бұзушылық және 27 жүйелі кемшілік, соның ішінде мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарына тексерулер жүргізу тәртібінің болмауы, сондай-ақ кәсіпкерлерді шетелде оқыту бағдарламаларының іске асырылу нәтижесінің төмендігі бөлігінде анықталды.

Отырыстың қорытындысы бойынша Үкіметке инвестициялық жобаларды іске асыру, тұтынушылардың құқықтарын қорғау, мемлекеттік статистиканы жүзеге асыру, мемлекеттік жоспарлауды жетілдіру мәселелерін реттейтін заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерге   өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша ұсынымдар берілді.

Ұлттық экономика министрлігіне және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарына анықталған бұзушылықтарды жою, бюджет және өзге заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген лауазымды адамдардың жауапкершілігін қарау бойынша шаралар қабылдау тапсырылды.

Жекелеген фактілер бойынша мемлекеттік аудит материалдары әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға жіберілді.
 
Есеп комитетінің баспасөз қызметі

Оставить комментарий

 

ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдаулары
ҚР Президентінің Қазақстан
халқына Жолдаулары

Төрағаның Блогi

8 (7172) 70 69 86 - Баспасөз хатшысы

8 (7172) 70 70 62 - Кеңсе

8 (7172) 70 70 51 - Сенім телефоны

   Жаңалықтарды тарату